Қазақстанда дуалды оқыту жүйесін енгізу сұранысқа ие мамандықтардың беделін арттырады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Экономикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Белла Сырлыбаева мәлім етті.
«Дуалды оқыту жүйесінде студенттер колледждерде тек 20-30 пайыз уақытын өткізеді, қалған 70 пайызын өндірістің басында өткізіп, тәжірибе үстінде білім алады. Ең негізгі қаржылық шығындарды өнеркәсіптің өзі мойнына алады. 2,5-3 жылдық оқу аяқталғаннан соң, түлектер жұмыс іздеу машақатын көрмейтін болады. Жұмысқа орналасу үлесі шамамен 90 пайыздың үстінде. Қайта дайындықтан өткізуге қаражат жұмсап керек емес», - деді Б.Сырлыбаева.
Оның айтуынша, аталған жүйе елдің еңбек нарығын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуге септігін тигізбек.
«Диплом алысымен түлек жоғары білімді және өте білікті маман болып шығады. Осы тұста айта кеткен жөн, Қазақстанда дуалды оқыту жүйесін енгізу сұранысқа ие мамандықтардың беделін арттырады. Себебі ол мамандардың алдында үлкен жолдар ашылады», - деп атап өтті сарапшы.
Автор: Жасұлан Жолдыбаев
Дереккөзі: inform.kz