Қазақстанда 16 инновациялық жобаның авторлары 710 млн. теңге гранттық қаражатқа ие болды
Бүгiн ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Такир Балықбаев "Технологияларды коммерцияландыру" жобасы аясында қазақстандық ғалымдардың ең үздiк деп танылған 16 инновациялық жобасына гранттар тапсырды.
Оның жалпы сомасы 710 млн. теңгенi құрайды.
Вице-министрдiң айтуынша, "Технологияларды коммерцияландыру" - ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Дүниежүзiлiк банктiң бiрлескен жобасы.
"Технологияларды коммерцияландыру" жобасының жалпы бюджетi 9,5 млрд. теңгенi құрайды. Оның 1,9 млрд. теңгесi Дүниежүзiлiк банктiң қарыз қаражаты болса, 7,5 млрд теңге республикалық бюджеттен алынып отыр", - дейдi Т. Балықбаев.
Аталған жобалар 2015 жылы жүзеге асып бiтуi тиiс. Дегенмен халықаралық сарапшылар Қазақстандағы инновациялық жобалар сәттi жүзеге асып жатқандығын қазiрдiң өзiнде мойындап отыр.
Вице-министрдiң сөзіне қарағанда, жобаның өзге бағыты бойынша былтыр бiздiң ғалымдардың 33 жобасы қаржыландырылған. Ол үшiн құрамында шетел ғалымдары бар халықаралық ғылым мен коммерциялану кеңесi де құрылған.
"Осы кеңестiң таңдауымен былтыр бiздiң ғалымдардың 33 жобасы қаржыландырылды. Әрбiр кiшi ғылыми грантқа 600 мың АҚШ долларына дейiн, үлкен ғылыми грантқа 1,5 млн. доллар, 33 грантқа 4,5 млрд. теңге қарастырылып, қазiргi уақытта iске асырылып жатыр. Екiншi мәселе, ғылыми жүйенiң нарықпен байланысын қамтамасыз ету. Мұны жолға қою үшiн БҒМ жанында арнайы коммерцияландыру орталығы құрылды. Олар Инновациялық гранттық жобаларды iске асыруға атсалысады", - дедi Т. Балықбаев.
Дереккөзі: inform.kz