Ғылыми жаңалықтар

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ғылыми Е-кітапханасы әлемнің үздік 500 электрондық репозиторий қорына кірді

25.07.2014

6346

Жуырда испандық Laboratorio de Internet зерттеу лабораториясы жариялаған Webometrics Ranking of World Repositories рейтингісінің нәтижесіне сәйкес Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің электрондық ғылыми кітапханасы әлемнің үздік 500 электрондық репозиторий қорына кірді.
Ғылыми электрондық кітапаха – бұл ғылым-білім бағытындағы электрондық құжаттар мұрағаты. Қазіргі таңда ЕҰУ-дің репозиторий жинағы 11 мыңнан астам толық мәтінді мақалалармен толықтырылған: Еуразия ұлттық университетінің ғылым-білім қызметіне негізделетін ғалымдардың мақаласы, конференция мен семинарлар жинағы, «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы», университеттің мерзімді басылымдары, оқу-әдістемелік әдебиеттер.
Еске сала кетейік, Webometrics Ranking of World Repositories жылына екі рет шығады – қаңтар мен шілдеде. Рейтингтің мақсаты – өздерінің сайттарындағы зерттеу нәтижелерін жариялау есебінде бүкіл әлемнің ғалымдарымен ақпарат алмасуға жағдай жасау.
2014 жылдың қаңтарында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің репозиторий қоры Қазақстан бойынша Webometrics Ranking of World Repositories рейтингісінде 1 451-ші орыннан көрініп, көш бастады. Жарты жыл уақыт өткеннен соң тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. 976 сатыға көтеріліп, ғылыми е-кітапханамыз аталмыш рейтингтің үздік 500 топқа енді және қазақстандық электрондық репозиторий қоры арасында І орынға табан тіреді.
Атап өтетін жәйт, шілде айындағы Webometrics Ranking of World Repositories рейтингісіне 1 983 электрондық ғылыми кітапхана қатысты.

Дереккөзі: enu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар