Ғылыми жаңалықтар

Білім олимпиадаларының жеңімпаздарын ҰБТ-дан босатқан дұрыс- Т. Балықбаев

25.07.2014

6222

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев білім олимпиадаларының жеңімпаздарына қолдау жасау керектігін айтты.
Тілшілер тарапынан «білім олимпиадаларына қатысушылар ҰБТ-ға қатысуы керек пе?» деген сауал қойылды.

«Жақында ғана Астанада мектеп оқушылары арасында физикадан Халықаралық олимпиада өтіп, оған 88 елден келген жас таланттар қатысты. Солардың ішінде біздің Қазақстаннан қатысқан бес баланың үшеуі «алтын», ал екеуі «күміс» медальге қол жеткізді. Осы орайда оларға арнайы сынақ өткізудің қажеті жоқ деп, министрліктің шешімімен бұл оқушылар заңнама бойынша ҰБТ-дан босатылған»,-деді Т. Балықбаев.

Оның пайымынша, олимпиада жеңімпаздарынан болашақта үлкен ғалымдар шығады.

«Сол себепті олимпиада жеңімпаздарына көмек көрсетіп, жағдай жасаймыз десек, оларды Ұлттық бірыңғай тестілеуден босату маңызды. Бұл балалар халықаралық деңгейде білімін дәлелдеп жүр. Биыл елімізде жүз мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Олардың ішінде 800-ге жуығы түрлі олимпиадалардың жүлдегерлері, яғни бұл көрсеткіш жалпы көлемнен бір пайызға жетпейді», - деді Т. Балықбаев.

Сонымен қатар, ол олимпиадалардың барлығы аудандық деңгейден бастап, республикалық деңгейге дейін өтетінін, оның арнайы комиссиялары бар екенін, сондықтан да олимпиаданы жоғары оқу орындарына түсудің жемқорлық жолы деп айтуға келмейтінін атап өтті.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар