Қазақстандық оқушылардың қабілетіне таңданамын - Физикадан халықаралық олимпиада президенті
Физикадан халықаралық олимпиада президенті Ханс Йорданс бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде қазақстандық оқушылардың қабілетіне таңданысын білдірді
«Қазақстанның оқушылары халықаралық аренада өз елдерінің намысын сәтті қорғап келеді. Ғылыми жарыстардың бірінде қазақстандық оқушылар 25 медальдің 24-ін олжалап, ел мерейін өсіргені әлі есімізде. Мәселен, халықаралық физика олимпиадасында 2009 жылы қазақ оқушылары 2 алтын иеленді, 2011 жылы 3 алтынға қол жеткізді. Бұл өте тамаша көрсеткіш. Егер менің еліммен салыстыратын болсақ, Голландияда алтын иелену жөнінде мүлдем ойламаймыз, ол арман болып есептеледі. Қола алсақ, соның өзі қуаныш», - дейді Ханс Йорданс.
Оның сөзіне қарағанда, бұл елдегі білім беру саласының жоғары деңгейін көрсетеді.
«Мен қазақ балалары өзге ұлт оқушыларынан өзгерек деп айта алмаймын. Бұл алдымен білім беру жүйесінің сапасына, дайындыққа және бапкерлік құрамға байланысты. Сондықтан мен оқушыларыңыздың олимпиададағы өнеріне тәнтімін. Әрине, бұл дайындыққа байланысты, бірақ сонымен бірге оның бойында қайнап жатқан шабыт болуы шарт», - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 45-інші халықаралық физика олимпиадасы 21 шілдеге дейін өтеді. Олимпиадаға әлемнің 85 елінен 700-дей оқушы қатысуда.
Дереккөзі: inform.kz