Өзектi

Жас ғалымдар Сыр өңірін зерттеуге кірісті

09.07.2014

6106

Қарағанды мен Астана қалалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жас ғалымдары Қызылорда өңірінде алғашқы зерттеулерін бастады. Бұл туралы НЗМ-нің баспасөз хатшысы Елена Рыбина хабарлады.
«Облыс орталығындағы мұнай өңдеу зауытында болып, мұнай-газ саласының даму деңгейін бағамдады. Одан соң Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрын аралады. 1955 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өнер ордасының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір және басқа танымал артистермен әңгімелесті», - дейді Елена Рыбина.

Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен кездесуде ауыл шаруашылығы, оның ішінде күріш саласының даму барысына қанықты. «Абзал және К» серіктестігінде болып, Сыр салысын дайындау, өндіру процестерін көрген жас жеткіншектер Абзал ағаның нағыз азаматтығына тәнті болды. Сырдария ауданындағы үлгі тұтарлық Нағи Ілиясов ауылын тамашалап, керемет әсерге бөленді. Жас зерттеушілер бағбанмен тілдесіп, гүл өсірудің технологиясы, климатты таңдамайтын өсімдіктердің сорттары жайында мағлұматтар алды.

Келесі күні әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Облыстық диагностикалық орталықта болып, жаңа перзентхананың жұмысын көрді. Ал қазіргі кезде экспедиция Арал және Қазалы аудандарында жүр. Онда зерттеушілер балық зауыты, «Аралтұз» кеніші, Барсакелмес қорығы, Қамбаш көлі және тарихи ескерткіштерге барып, Ұлы Жібек жолы бойындағы Сырдың ескі шаһарларымен танысуда.

Автор: Елубай Әуезов

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар