Өзектi

Еліміздің жоғары оқу орындары - ҮИИД стратегиясының басты субъектілері - Ғ. Мұтанов

04.07.2014

6095

Еліміздің жоғары оқу орындары - үдемелі индустриялық-инновациялық даму стратегиясының басты субъектілері. Бұл туралы бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен Ұлттық форумда университет ректоры, техника ғылымдарының докторы Ғалым Мұтанов «Инженерлік білім беруді аккредитациялаудың еуропалық желісі аясында жаратылыстану және техникалық оқу бағдарламаларын халықаралық аккредитациялау» тақырыбында өткен форумда мәлімдеді.
Ғалым Мұтановтың айтуынша, қазіргі заманда еңбек нарығына сәйкес келетін білікті мамандар тек жоғары оқу орындарында даярланады.

«Ал кез келген елдің индустриялық-инновациялық даму болашағы білікті мамандарына тікелей байланысты. Қазір жоғары оқу орындарына қойылар талап күшейді. Елімізге инвестиция, жаңа технологиялар, жаңа компаниялар келіп жатыр. Ал, оларға біздің жас мамандар дайын ба? Олардың біліктілігі заман талабына сай ма? Сай болуы үшін не істеу керек? Бірінші кезекте оқу бағдарламалары әлемдік стандарттарға сай болуы қажет. Ал, олардың сәйкестігін тек аккредитациялау арқылы ғана білуге болады», - деді өз сөзінде Ғалым Мұтанов.

Қазір Ұлттық университет Темпус QUEECA «Орталық Азиядағы инженерлік білім сапасы» атты жалпы еуропалық жобаны қолға алған. Жобаның мақсаты - Орталық Азия елдерінде халықаралық талаптарға жауап беретін Аккредитациялық орталықтар құру. Бұл бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте, сарапшылар даярлау. Кейін, аталмыш жоба аясында жоғары оқу орындарындағы жаратылыстану және техникалық оқу бағдарламаларын кәсіби тұрғыда аккредитациялау және оларға «EUR-ACE Label» атты еуропалық сапа белгісін беру. Осыдан кейін, елімізде жоғары оқу орындарына арналған еуропалық білім беру стандарттары жасалады.

Форум жұмысына еуропалық Темпус QUEECA жобасының әріптестері, ENAEE ұйымының жетекші мамандары және Қазақстан жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

Форум соңында қазақстандық сарапшыларға сертификаттар табыс етілді.

Автор: Жаппарберген Айбота

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар