2014 жылы 28 мамырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Алматы, Қарағанды, Мәскеу қалаларының мемлекеттік басқару органдарында басшы қызметтер атқарған, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Сыртқы Істер министрлігінің айырықша тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, Еуразия Экономикалық Қауымдастығының Бас хатшылығына тағайындалған дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұровпен кездесу өтті.
Профессор-оқытушылар мен студенттер қатысқан бұл кездесудің жөні бөлек: ертең Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Шартқа үш елдің мемлекет басшылары қол қойса, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1994 жылы Мәскеу университеті мінберінен Еуразиялық Одақ идеясын алғашқы болып көтергенде Тайыр Мансұров Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болатын. Міне, содан бері 20 жыл өтті. Нәтижесінде дипломат, қоғам қайраткері «Президент жобасы қалай іске асты?» деген кітап шығарды.Қайраткер бүгінгі басқосуда сол туындысы мен басқа да жинақтарын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымына тарту етті.
Н.Ә. Назарбаевтың еуразияшылдық идеялары Еуразиялық аймақ дамуының басты алғышарты, аса зор бастамасы және XXI ғасырдың айрықша ойластырылған стратегиясы екенін жеткізген дипломат Тайыр Мансұров Еуразиялық идея, еуразияшылдық, еуразиялық интеграция – қазіргідей дағдарыстың қауіп-қатерінен құтылудың, жаһандану үдерісіне әзірлікпен кірігудің, экономиканы дамытудың, ұлттық мемлекеттілікті нығайтудың бірден-бір ұтымды жолы, оның сұранысына жауап болып табылатындығына тоқталды.
– Еуразия – бұл тек географиялық ұғым емес, ол мәдени-өркениеттік бірегейлікке деген ұмтылысты да білдіреді, -деді қоғам қайраткері. – Әсіресе, Еуразиялық идеяны практикалық түрде іске асыру барысында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Еуразиялық даму банкі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Еуразия университеттерінің қауымдастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ортаазиялық одақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Кеден одағы сияқты жаңа құрылымдар өмірге келіп, өздерінің өміршеңдігін баршаға көрсетіп берді. Болашақта еуразиялық аймақтың, еуразиялық аймақтық интеграцияның, еуразиялық идеяның рөлі арта береді. Соның бір мысалы Қазақстан, Ресей, Беларус елдерінің Президенттері қол қоятын Еуразиялық одақ құру туралы Шарт,- деп түйді сөзін Тайыр Мансұров.
Басқосу соңында мемлекет және қоғам қайртакері осындай шараны ұйымдастыруға мұрындық болған университет басшылығына алғыс сезімін білдірді.
Дереккөзі: enu.kz