Өзектi

«SMART БЕСІК» ЖАСАҒАН СЕРІКБОЛ

20.05.2014

6664

Әуелі Серікболдың өзіне аз-кем тоқтала кетсек. Ол Қытай Халық Республикасының Алтай өлкесінде дүниеге келген. Жасы 23-те. Жастайынан ғылым-білімге құмартып, оқушы кезінде-ақ әмбебап циркуль ойлап тауып­ты.
Сол елде физика пәнінен өнер­тап­қыштар байқауы өтіп, «Смарт бесіктің» алғашқы нұсқасы жо­ғары бағаланады. Бірақ идея­сын бірден жүзеге асыруға мүм­кіндігі келмеді. Тек арада алты жыл уақыт өткенде жылдар бойғы ізденісінің жемісін атамекенінде көреді. 2007 жылы тарихи Отанына оралып, Астанадағы Еуразия ұлттық университетін бітірді. Қазір магистратурада білімін жал­ғас­тыруда.

Оның айтуынша, «Smart Бесік»-тің әу баста металдан жа­салған қондырғысы іске қосылған. Енді басқа құрылымда, ерекше дизайн мен жаңа технология пайдаланылмақ. Жоспар бойынша жаңа құрылғы кез келген бесік немесе манеж, басқа да балалар ұйық­тай­тын орындарды тербете береді. Электроникасы жа­ғынан өндіріліп қойғандықтан, 10 түрлі ерекшелігі сол қалпында сақта­лады.

– Қазіргі кезде ғылым барынша гүлденіп, қазақтың сан ғасырлар бойғы туындысы болған ұлттық бұйымдарын біртіндеп шетелден енген заманауи дүниелер ығыстыра бастады. Міне, осы олқылықты аз да болса толтырайын деп қазақтың ұлттық бесігіне өзгеріс енгізіп, әрі ұлттық, әрі электронды түрде жобалаған жайым бар.

Алғашында, бесіктің жалпы маңызы туралы зерттедім. Ақыры таптым, тапқанда да қазақтың данышпандығына таңғала отырып таптым. Себебі Жапонның әйгілі медицина ғалымы Гау Щияу Иуе Илаңның қазіргі заманғы озық аспаптарды қолдана отырып тапқан қорытындысы мынадай екен.

Сәби өмір есігін ашпас бұрын, ана құрсағында жүріп тербеліске түседі. Сөйтіп, нәрестеде табиғи рефлекс қалыптасады. Алайда өмір есігін ашқан соң жарық дүниеге бірден үйлесе алмайды. Сондықтан оны ана құрсағындағыдай әлдилеп, тербетіп отыру керек. Тағы бір мәселе – сәби бесікке жатқанда миы дамитын көрінеді. Аналар әр уақыт бесік тербетіп қана қоймай, оның миының дамуына өте зор ықпал жасайтын болып шықты. Әрі бесіктің бала денсаулығына ең пайдалы тербелісі 1.8 секундта бір рет тербеліс жасау керек екен... Мен осы сияқты ғылыми зерттеулерді негізге ала отырып, осы жобамды жасадым. Бұл жоба, әрине, бір күннің жұмысы емес, аттай алты жылдық еңбегім!

Менің осы бесікті қазақтың байырғы бесігі негізінде жобалауым – қазақ бесігінің сан ғасырдың сынынан сүрінбей өткендігімен қоса, мынадай ерекшеліктерді өз бойына жиғандығы, – дейді Серікбол Шәймардан.

Ендеше қос бесіктің ерекшеліктері мен «Smart Бесік»-тің құрылысымен танысып көорейік.

Қазақы бесік:

1. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш болады. Өйткені бетіне шыбын-шіркей қонып мазасын алмайды.

2. Қол аяғын таңып, байлап қойғаннан кейін қозғалып, көрпесі ашылып қалмайды.

3. Нәресте күніне 24 рет зәр шығарады екен. Сонда 24 рет жаялық ауыстыру керек. Ал бесіктегі жаялықты ауыстырудың қажеті жоқ, бесікке бөленген баланың денесіне де, жаялығына да зәрі мен нәжісі тимейді. Сондықтан да әртүрлі тері ауруларына шалдыға бермейді.

4. Бесікті көші-қон кезінде арбамен де, атпен де, түйемен де алып жүруге болады.

5. Ағаш төсек, құс мамықтың үстінде жатқан баланың астынан сыз, үстінен жел өтпейді. Жауын-шашынды күндер де аса қауіпті емес.

6. Бесікте тербеліп өскен баланың атқа, машинеге, ұшаққа мінгенде жүрегі айни бермейді.

7. Бесіктің арқалығына ілінген қызыл жасыл сылдырмақтар мен асықтарға қарап өскен баланың көру, түс ажырату қабілеті жақсы дамиды.

8. Бесіктегі бала аунап кетіп, отқа суға түсіп қалудан аулақ болады.

9. Бесікке бөленген баланың анасының қолы көбіне бос, басқа шаруаларын істеуге мұршасы бар.

10. Бесікті тербетіп отырып, анасы бесік жырын айтады. Нәресте шағынан ана әлдиін естіп, бойына сіңіріп өскен баланың есту, сазды әуенді қабылдау қабілеті жақсы жетіледі.

11. Ана әлдиімен өскен баладан мейірімсіздік шықпайды.

12. Бесік баланы емізгенге өте ыңғайлы. Баланы бесіктен шешпей-ақ емізе береді.

13. Тіпті анасы емізе отырып мызғып та алады.

Ал «SmartBesik» кез келген ана үшін бұдан да пайдалы. Мәселен:

1. Ұлттық бесік әрі электронды ұлттық бесік, өз талдауыңызды жасай аласыз.

2. Бала жыласа бесік автоматты түрде тербеледі.

3. Ғылыми тәжірибеге негізделген пайдалы тербеліс жасайды.

4. Бала тәрбиесіне арналған таңдамалы әлдилер кіргізілген, бала жыласа қалауыңыз бойынша әлдилеп отырып тербетеді.

5. Бесік шусыз тербеледі.

6. 12 вольттық кернеумен жұмыс жасайтындықтан балаға қауіпсіз, керек десеңіз батерейкамен де жұмыс жасайды.

7. 0-99 минут аралығында уақыт өлшеу арқылы тербетуге болады.

8. Басқарғышпен (пульт) алыстан басқаруға болады.

9. Бала дәретке отырып қойса хабарлайды.

10. Баланың көрпесі ашылып қалатын болса хабарлайды.

11. Бала температурасында өзгерістер болса автоматты хабарлайды.

12. USB қондырғысы бар.

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар