Ғылыми жаңалықтар

Аралда қаптап кеткен жыланды жоюға 1 млн доллар бөлінді

17.01.2014

3880

Гуам аралын басып алған жыландарды жою үшін биологтарға 1 млн доллар бөлінді, деп хабарлайды Германияның Deutsche Welle телеарнасы.

«Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі АҚШ-қа қарайтын Гуам аралындағы 2 млн жылан жергілікті тұрғындарға ғана емес тұтас экожүйге қауіп төндіріп отыр. Ғалымдар осы мәселені шешудің жолдарын қарастыруда», дейді телеарна тілшісі.

Аралды жаулап алған қоңыр бойга жыланы (Boiga irregularis) - Австралия, Индонезия және Жаңа Гвинеяда кең таралған. Ұзындығы екі метрге жуық, ағаштардың арасында жүреді, түнде белсенді, ұсақ жануарлармен, кесіртке, құстарды жейді. Аса улы емес. Ол денесін шиыршықтап жердің бетінен денесінің 80 пайызын тік көтеріп тұра алады.

Жыланның бұл түрін екінші дүниежүзілік соғыстан кейін аралдағы базаға Америка жауынгерлері кездейсоқ алып келген.

Аралда табиғи жауы жоқ бауырымен жорғалаушы кенет көбейіп аралдағы 12 түрлі құстың 10-ын жойып жіберген. Қалған екі түрі де құрып бара жатыр. Кесіртке мен жарқанат саны күрт азайып кеткен. Аралда табиғи үйлесімділік бұзылып, көп жәндік жойылып, өрмекшілер көбейіп тұр. Бұдан аралдағы ауыл шаруашылығы мен тұтас флора зардап шеккен.

Жыландар мұнымен тоқталып қалмай жылына жүзден астам рет электр желісінің тұйықталуына себепші болып, тұтас ауылды, әскери нысанды жарықсыз қалдырады.

Америка ғалымдарына қазір жылан санын азайтып, оның көрші аралдарға өтіп кетпеуі тапсырылды. Жылан басқа аралға өтіп кетпеуі үшін одан шығатын барлық машина иісшіл итпен тексеріледі.

20 жыл ішінде аралда 150 мың жыланның көзі жойылғанымен бұл өте аз. Биологтар улы азық қалдырайын десе, оны басқа жәндіктер жеп қырылып қалуы мүмкін. Ең соңында биологтар парацетомолмен дәріленген, өлі тышқанды парашют арқылы тікұшақпен әуеден тастауды ұсынды.

Бұл жыландар мекендейтін ағаш басына ілініп қалады, әрі аталған тышқанды жеген жылан аталған дәріден уланып қалады.

Ғалымдар жобаның бірінші сатысын қорытындылап, жылан санының азайғанын айтып отыр.

Бұл жоба бес жылға жоспарланған. Егер бастама сәтті болса онда жобаға арналған 1 миллион доллардың желге ұшып кетпегені.

Источник: bnews.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар