Әлемдегі ғылым

АҚШ ғалымдары хирургиялық тігісті алмастыратын медициналық желім жасады

20.10.2026

5

Массачусетс технологиялық институтының (MIT) базасында құрылған америкалық SanaHeal компаниясы адам ағзасының ылғалды тіндерін бірнеше секунд ішінде біріктіре алатын, биологиялық тұрғыдан үйлесімді медициналық желім әзірледі. Материал зақымданған тіндерді ауа мен сұйықтық өткізбейтіндей етіп бітеуге мүмкіндік береді. Әзірлеушілер бұл материалды кейбір хирургиялық операцияларда дәстүрлі тігістердің орнына қолдануды көздеп отыр.

2026 жылғы 20 қазанда MIT таратқан мәліметке сәйкес, технология жарақат салдарынан туындаған қан кетуді тоқтату үшін қолдануға ресми рұқсат алған. Ал 2027 жылы компания желімнің басқа түрлерін адамдарға клиникалық сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Зерттеулер барысында оның операция кезінде қан кетуді тоқтатудағы және зақымданған тіндерді қалпына келтірудегі тиімділігі бағаланады.

Медициналық желімнің негізгі ерекшелігі — ылғалды ортада да берік байланыс түзуі. Тірі тіндердің беті үнемі ылғалды болғандықтан, кәдімгі желімдер оларға жақсы жабыса бермейді. Сондықтан хирургтер көбіне тігістер мен арнайы қапсырмаларды қолданады. Алайда оларды орнату жоғары дәлдікті талап етеді және кей жағдайда тіндерді қосымша зақымдауы мүмкін.

SanaHeal әзірлемесінің негізінде полимерлер мен судан тұратын жұмсақ материалдар — гидрогельдер жатыр. Желім тінге тиген кезде артық ылғалды сіңіріп, оның құрамындағы полимерлер мен тін молекулалары арасында берік химиялық байланыстар түзеді. Бұл үдерісте суды жылдам сіңіретін полиакрил қышқылы маңызды рөл атқарады.

Жаңа материалдардың тағы бір артықшылығы — тіндерді инемен тесуді немесе хирургиялық қапсырмалармен қысуды қажет етпейді. Бұл әсіресе өте ұсақ әрі нәзік құрылымдармен жұмыс істейтін микрохирургияда пайдалы болуы мүмкін. Сонымен қатар материалдар ағза тіндерінің зақымдануын және жағымсыз реакциялардың туындау қаупін азайту мақсатында әзірленген.

Әзірлеу жұмысына MIT зертханасында профессор Сюаньхэ Чжаоның жетекшілігімен гидрогельдерді зерттей бастаған Хёнву Юк жетекшілік етеді. Бұл материалдарды медицинада қолдану бағытындағы зерттеулер 2021 жылы SanaHeal компаниясының құрылуына негіз болды. Алғашында зерттеушілер қан кетуді тоқтатуға басымдық берген. Кейін зерттеу аясын кеңейтіп, хирургиядағы басқа да міндеттерді шешуге кірісті. Қазір SanaHeal осы технология негізінде медициналық құрылғылар әзірлеп жатқан ірі медициналық жабдық өндірушілерімен ынтымақтастық орнатқан.

Желімді дәстүрлі ашық операцияларда, лапароскопиялық араласуларда, сондай-ақ дененің табиғи тесіктері немесе шағын тіліктер арқылы жасалатын эндоскопиялық процедураларда қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, материалды басқа медициналық құрылғылармен бірге пайдаланып, импланттарды тігіссіз бекітуге болады.

Әзірлеушілердің пікірінше, бұл технология роботтандырылған хирургиялық жүйелердің жұмысын жеңілдетуі мүмкін. Өйткені желімді жағу хирургиялық жіппен дәл тігіс салуға қарағанда күрделі қимылдарды аз талап етеді. Дегенмен желімнің кейбір операцияларда хирургиялық тігістерді толық алмастыра алатыны, қосылыстың ұзақ уақыт бойы беріктігін сақтауы және пациенттер үшін қауіпсіздігі клиникалық сынақтар арқылы расталуы тиіс.

Дереккөз: https://new-science.ru/v-mit-razrabotali-medicinskij-klej-kotoryj-mozhet-zamenit-hirurgicheskie-shvy/
Фото: News.mit.edu

«« | »»
Соңғы жаңалықтар