Қазақстан ғылымы

Айды зерттейтін отандық телескоп жасалып, ғарышқа ұшырылмақ

14.10.2026

3

Астанадағы қазақ-француз Ghalam /Ғалам/ кәсіпорнының мамандары ғарыш телескопының инженерлік моделін әзірлеуге кіріседі. Жобаны отандық астрофизик ғалымдар үш жыл бұрын бастады. Болашақта ғылыми аппаратты Айдың айналасындағы орбитаға ұшыру жоспарланып отыр. 

Алыс-жақын ғарышты зерттейтін құралдар да уақыт талабына сай өзгеріп келеді. Оларды жасау үшін озық технология мен қыруар қаражат керек. Ал ғалымдарға ескі әрі жердегі телескоптардың мүмкіндігі жеткіліксіз. Шетелдік мамандар жұмыстарды тікелей ғарыштан жүргізуде. Қазақстандық телескоп та осыған ұқсас. Ол  Жер мен Айға жақын ғарыш кеңістігін зерттейді. 

«Біз екінші кезеңді күтіп отырмыз. Ол кезеңде телескоптың инженерлік үлгісін дайындаймыз. Оны тексеру үшін қолданамыз. Нақтырақ айтсақ, бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін, деректерді талдау тәсілдерінің дұрыстығына көз жеткіземіз. Бізге бұл ақпаратты телескоп береді», – дейді В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Серебрянский. 

Жаңа телескоп Ай маңындағы нысандар мен Жерге жақындаған астероидтарды зерттейді. Сонымен қатар метеориттердің Айға құлаған сәтін тіркейді. Мамандардың айтуынша, осы арқылы ғарыш сапарларын қауіпсіз етуге болады. Ал телескопқа қажет инфрақызыл сенсорларды американдық Teledyne компаниясы жеткізеді. Компания бұған дейін «Джеймс Уэбб» обсерваториясымен жұмыс істеген. 

«Біз бұл компаниямен келіссөз жүргіздік. Телескопқа қажетті инфрақызыл сенсорларға қоятын талаптарымызды айттық. Олар сенсорларды сол талапқа сай жасап бере алатынын жеткізді. Телескоптың ұшатын үлгісі дайын болған кезде бұл құралдарды сатып аламыз», – дейді В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институтының директоры Шыңғыс Омаров. 

Алда жобаның бірнеше күрделі кезеңі бар. Телескоптың инженерлік үлгісін 2029 жылы аяқтап, сынақтан өткізу жоспарланған. Ал ғарышқа ұшатын нұсқасы 2031 жылы дайын болады. 

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bilim-zh-ne-ylym/799009-kazakstan-galymdary-ajdy-zerttejtin-teleskop-zhasajdy
Фото: 24.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар