Қазақстан ғылымы

ҚазҰУ ғалымдары Қазақстандағы бағалы дәрілік өсімдіктердің табиғи популяцияларын зерттеуде

12.10.2026

6

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Қазақстандағы бағалы дәрілік өсімдіктердің табиғи популяцияларының қазіргі жағдайын кешенді зерттеу бойынша ғылыми жоба жүргізуде. Зерттеу сирек және перспективалы өсімдік түрлерінің биоалуантүрлілігін сақтауға, олардың биологиялық ерекшеліктерін анықтауға және практикалық пайдалану мүмкіндіктерін бағалауға бағытталған.

Жобаның негізгі нысандары ретінде Қазақстанда өсетін үш бағалы дәрілік өсімдік түрі — Calligonum leucocladum (Schrenk) Bunge., Ribes turbinatum Pojark. және Astragalus ammodendron Bunge. таңдалды.

Қазіргі уақытта табиғи экожүйелердегі бағалы дәрілік өсімдіктердің популяцияларына климаттың өзгеруі, антропогендік факторлар және табиғи мекен ету ортасының трансформациясы әсер етуде. Мұндай жағдайлар өсімдіктердің табиғи қорын, генетикалық алуантүрлілігін және олардың болашақта сақталу мүмкіндігін зерттеудің маңызын арттырады.

Жобаның басты мақсаты — Қазақстанда өсетін, әлі толық зерттелмеген үш бағалы дәрілік өсімдік түрінің биоморфологиялық ерекшеліктерін, популяциялық сипаттамаларын, генетикалық алуантүрлілігін және олардың табиғи популяцияларындағы ішкі және популяцияаралық айырмашылықтарды анықтау.

Зерттеу барысында ғалымдар өсімдіктердің таралу аймақтарын, экологиялық жағдайларын және табиғи мекен ету орталарын жан-жақты зерттейді. Экспедициялық жұмыстар барысында зерттелетін түрлердің популяциялары анықталып, олардың өсетін аумақтарының микроклиматы, топырақ ерекшеліктері және өсімдік қауымдастықтарының құрамы талданады.

Зерттеудің маңызды бағыттарының бірі — табиғи популяциялардың қазіргі жағдайын бағалау. Ғалымдар өсімдіктердің саны мен тығыздығын, жас құрылымын, тіршілік жағдайын және тұқымдық өнімділігін зерттейді.

Әрбір өсімдік түрінің популяциялық құрылымын зерттеу олардың табиғи ортадағы тұрақтылығын және сыртқы факторларға бейімделу ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Алынған мәліметтер сирек және бағалы өсімдіктерді сақтау бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуге негіз болады.

Жоба аясында Calligonum leucocladum, Ribes turbinatum және Astragalus ammodendron өсімдіктерінің морфологиялық және анатомиялық ерекшеліктеріне ерекше назар аударылады. Ғалымдар өсімдіктердің вегетативтік және генеративтік мүшелерінің құрылысын, биометриялық көрсеткіштерін және әртүрлі табиғи популяциялар арасындағы айырмашылықтарын салыстырады.

Зерттеу нәтижелері табиғатты қорғау мен биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерін шешуге ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы дәрілік өсімдіктер ресурстарын зерттеу мен отандық биологиялық және фармацевтикалық ғылымның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.

Дереккөз: https://farabi.university/news/106493?lang=kz
Фото: Gbif.org

«« | »»
Соңғы жаңалықтар