Қазақстан ғылымы

Жеміс ағаштарын бактериялық күйіктен қорғайтын препарат жасалды

01.10.2026

13

Қазақстан ғалымдары жеміс ағаштарын бактериялық күйіктен қорғайтын препарат әзірледі. Бактериялық күйік - алма мен алмұрттың жауы. Ауруға шалдыққан ағаш зақымданып, кейде тіпті қурап кетуі мүмкін. Қазір ғалымдар биологиялық дәріні өндіріске енгізу жайын қарастырып жатыр. 

Бүгінде бұл ауруды емдеуге химиялық препараттар қолданылады. Кейде ондай химиялық қоспалар басқа өсімдіктерге зақым келтіреді екен. Сондықтан,  қазақстандық ғалымдар қоршаған ортаға зияны жоқ биологиялық жолмен әсер ететін өнім әзірлеуге кіріскен.

«Біздің қазіргі айтып жүрген осы алмада кездесетін бактериялық күйік ауруы 2008 жылы Қазақстанға енген. Міне содан бері қазіргі таңда бұл аурумен  күресу жылда жүріп жатыр. Бұл препарат Лактин АС, Плантарин АС деп аталады. Штамдық деңгейден препаратты алып оны өндірістік жағдайда 500 гектардан аса жерде сынақтан өткізіп, биыл Мемлекеттік инспекция комитетінде мемлекеттік тіркеуден өтіп жатыр», – дейді «Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин» ҒЗИ басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембеков.

Жаңа өнім Өсімдіктерді қорғау және карантин институты мен Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу  институтының бірлескен жұмысының нәтижесі. Ғалымдар табиғи ортадан инфекциялық ауруға әсер ететін екі отандық штамды анықтаған. Препарат ағашты аурудан емдеп өнімнің сапасы мен санын арттыруға мүмкіндік береді, дейді ғалымдар.

«Табиғатта бір штамға микробтың екінші микроб әсер етеді. Ал химиялық препараттар басып тастайды, басу деген сөз ары қарай дамытпайды, оны өлтіре алмайды, тек ұстап тұрады. Ал біздікі жаңағы ауруды толығымен жойып жібереді. Міне, сол бағытта біз он жылдан аса жұмыс істедік. Екі штамм тауып алдық. Ол аборигенді штамм, бұл біздің Қазақстанда ғана болады», – дейді Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Саданов. 

Биологиялық дәрі Алматы облысындағы кейбір бақтарда сынақтан өткен. Сондай-ақ препараттың тиімділігін тексеру үшін өзге өңірлердегі бағбандарға да берілген. Мамандардың сөзінше, бұл дәріні бір маусымда екі рет қолдану керек. Бірінші бүршік атқанда, екінші рет гүлдегенде себіледі. Отандық өнім қазір мемлекеттік тексеру мен рәсімдеуден өтіп жатыр. Тиісті жұмыстар аяқталғаннан соң препараттарды өндіріске шығару көзделген.

Дереккөз: https://khabar.kz/kk/news/bilim-zhane-gylym/191124-khazakhstan-galymdary-zhemis-agashtaryn-khorgaityn-preparat-azirledi
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар