Nazarbaev University ғалымдары қатерлі ісікті фотодинамикалық терапия әдісімен емдеуге арналған наногель әзірлеп жатыр. Ғылыми жобамен профессор Chang-Keun Lim жетекшілік ететін фотондық материалдар мен биофотоника зерттеу тобы айналысуда.
Қазіргі таңда қатерлі ісікті емдеудің негізгі әдістерінің қатарында химиотерапия мен сәулелік терапия бар. Алайда бұл әдістер ісік жасушаларымен қатар сау тіндерге де әсер етуі мүмкін. Фотодинамикалық терапия ісікке нысаналы түрде әсер етуге мүмкіндік береді. Дегенмен оның маңызды шектеуі бар: жарық адам тіндеріне бірнеше миллиметр ғана тереңдікке өте алады.
«Адам ағзасына арнайы зиянсыз зат енгізіледі. Оған жарық түскен кезде ол реактивті оттек түрлерін бөліп шығарып, қатерлі ісік жасушаларын нысаналы түрде жоя бастайды. Мәселе – жарықтың тіндерге бірнеше миллиметр ғана енуінде. Сондықтан бүгінде фотодинамикалық терапия негізінен дене бетіне жақын орналасқан ісіктерді емдеуде қолданылады. Ал ағзаның тереңінде орналасқан ісікке жарық жете алмайды. Біздің шешіміміз – жарық көзін ісіктің өз ішінде орналастыру», – деп түсіндірді фотондық материалдар мен биофотоника зерттеу тобы зерттеу тобының аға ғылыми қызметкері Әнел Уразалиева.
Осы мақсатта ғалымдар лантаноидтар – сирек жер элементтері қосылған наногель әзірлеп жатыр. Олар ісік тінінің ішінде жарық көзін жасап, оны қашықтан іске қосуға мүмкіндік береді. Фотосенсибилизатор жарықты сіңіргеннен кейін реактивті оттек түрлері (ROS – reactive oxygen species) түзіліп, қатерлі ісік жасушаларын ішінен зақымдайды. Наногель бірнеше компоненттен тұратын, бір-біріне жақын орналасқан шағын «губка» тәрізді жұмыс істейді.
Зерттеудің мақсаты – наногельді рентген немесе протон сәулесінің төмен дозалары арқылы іске қосу. Қазір жоба клиникаға дейінгі зерттеу кезеңінде. Ғалымдар сүт безі қатерлі ісігі мен колоректалды қатерлі ісік жасушаларына тәжірибе жүргізіп жатыр.
Дереккөз: https://nu.edu.kz/news-kk/qaterli-isik-terapiyasynan-aqyldy-energiya-zhelilerine-dejin-nu-zhas-zertteushilerining-zhobalary/
Фото: Nu.edu.kz