Қазақстан ғылымы

Аутизмі бар балалардың әлеуметтік сигналдарын талдауға арналған ЖИ модельдері мен алгоритмдерін әзірлеу

04.09.2026

6

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары аутистік спектр бұзылыстары бар балалардың әлеуметтік сигналдарын автоматты түрде талдауға арналған алгоритмдер мен модельдерді әзірлеу және объективті деректер негізінде аутизм белгілерін болжауға арналған шешім қабылдауды қолдау жүйесінің біріктірілген моделін құру бойынша ғылыми жоба жүзеге асырып жатыр. 

Жоба аутистік спектр бұзылыстарын ерте анықтаудың өзекті ғылыми-технологиялық мәселесін шешуге бағытталған. Дәстүрлі диагностикалық әдістер көп уақыт пен қаржылық шығындарды талап етеді және мамандардың субъективті бағалауына тәуелді. Осыған байланысты жасанды интеллект, компьютерлік көру және әлеуметтік сигналдарды талдау әдістерін қолдану арқылы балалардың бет мимикасын, көз қозғалысын және стимулдарға реакциясын автоматтандырылған түрде талдау диагностика дәлдігін, объективтілігін және қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба барысында әлеуметтік сигналдарды автоматтандырылған талдауға арналған компьютерлік көру алгоритмдері әзірленді. Олар бет аймағындағы негізгі нүктелерді бөліп алуды, мимикалық реакцияларды, көзқарас параметрлерін және балалардың бағдарлану реакцияларын талдауды қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, балалардың әлеуметтік сигналдарын автоматтандырылған түрде жинауға, өңдеуге және мультимодальды талдауға арналған AI-WATCH-KID ақпараттық жүйесі әзірленді. Жүйе eye-tracking деректерін, мимикалық реакцияларды, бас бағыты параметрлерін және мінез-құлық сипаттамаларын тіркеуді қамтамасыз етіп, аутистік спектр бұзылыстарының ерте белгілерін анықтау мен диагностикалық шешім қабылдауды қолдауға бағытталған. Әзірленген AI-WATCH-KID ақпараттық жүйесінің апробациясы Астана қаласы әкімдігінің «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті №2» КММ базасында 143 баланың қатысуымен жүргізілді.

Жоба нәтижелері медициналық ұйымдарда, психологиялық-педагогикалық түзету орталықтарында, инклюзивті білім беру мекемелерінде және ғылыми-зерттеу орталықтарында аутистік спектр бұзылыстарын ерте диагностикалау, әлеуметтік сигналдарды талдау және диагностикалық шешім қабылдауды қолдау мақсатында қолданылуы мүмкін.

Ғылыми жоба: AP26105045 «Аутизмі бар балалардың әлеуметтік сигналдарын талдауға арналған жасанды интеллект модельдері мен алгоритмдерін әзірлеу»
Жетекшісі: Муханова Аягөз Асанбековна, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі

Дереккөз: https://smart.enu.kz/api/serve?path=/general/files/950675ce-dcf8-4281-9f52-d601b470da8a.pdf
Фото ЖИ арқылы жасалды

«« | »»
Соңғы жаңалықтар