Әлемдегі ғылым

Дрондардың көмегімен егістікті қорғау технологиясы

02.09.2026

11

Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары энтомофагтарды ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен автоматтандырылған түрде тарату технологиясын әзірледі. BioDrop деп аталатын бұл технология жұмыс жүргізу уақытын 4-6 есеге қысқартуға және ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғаудың биологиялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кешен құрамына биоыдырайтын BioDrop сфералық капсулалары, оларды таратуға арналған арнайы құрылғы және ұшқышсыз ұшу аппараты кіреді. Капсулалардың ішіне ауыл шаруашылығы зиянкестерінің табиғи жаулары саналатын энтомофагтардың биологиялық материалы орналастырылады. Атап айтқанда, технологияда Trichogramma spp. және Habrobracon hebetor сияқты энтомофагтар пайдаланылады.

Ұшқышсыз ұшу аппаратына тиелген капсулалар алдын ала белгіленген бағыт бойынша егістік алқабына автоматты түрде таратылады. Капсулалар егістік бетіне түскеннен кейін олардың ішінен энтомофагтар біртіндеп босап шығып, зиянкестерді іздеп, жоя бастайды. Капсулалардың сфералық пішіні мөлшерлеу механизмінің ерекшеліктері және олардың құрамындағы биологиялық материалдың өміршеңдігін сақтау қажеттілігі ескеріле отырып дайындалған.

Жүргізілген далалық сынақтар BioDrop технологиясының энтомофагтарды дәстүрлі қолмен тарату әдісімен салыстырғанда биологиялық тиімділігі жоғары екенін көрсетті. Олар таратылғаннан кейінгі 14-тәулікте дәстүрлі әдіс бойынша биологиялық тиімділік орта есеппен 70–73% болса, BioDrop технологиясын қолданғанда бұл көрсеткіш 81–83%-ға жеткен. Осылайша, жаңа технологияны қолдану дәстүрлі әдіспен салыстырғанда биологиялық тиімділікті орта есеппен 10–11 пайыздық тармаққа арттырған.

Сонымен қатар жұмыстарды жүргізуге жұмсалатын уақыт та айтарлықтай қысқарады. Қолмен тарату кезінде зерттелген учаскедегі жұмыстарға 1–1,5 сағат жұмсалса, ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану кезінде жабдықты дайындауды қоса алғанда, дәл осындай жұмыс көлемі 10–15 минутта орындалған. Бұл егістіктерді биологиялық қорғау жұмыстарын, соның ішінде үлкен аумақтарда және баруы қиын учаскелерде, әлдеқайда жылдам жүргізеді.

Қазіргі уақытта технология төрт шаруашылықта енгізіліп, қолданылып келеді. Бұл әзірлеменің ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянды организмдерден қорғау мақсатында іс жүзінде қолдануға болатындығын көрсетеді. Болашақта бұл технологияны дәлме-дәл егіншілік жүйелерінде, сондай-ақ фитосанитариялық мониторинг технологияларымен қатар қолдануға болады.

Энтомофагтарды пайдалану өсімдіктерді қорғаудың экологиялық қауіпсіз әдістерін дамытуға және ауыл шаруашылығында биологиялық қорғау құралдарын қолдану аясын кеңейтуге жол ашады. Энтомофагтарды таратудың автоматтандырылған технологияларын енгізу мұндай іс-шараларды жедел әрі тиімді жүргізуге қосымша мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1284007?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар