Қазақстан ғылымы

ҚазҰУ ғалымдары пайдаланылған мотор майларын қайта өңдеудің жаңа технологиясын жасауда

25.08.2026

5

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жаңа химиялық технологиялар мен материалдар ғылыми-зерттеу институтының және физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы кафедрасының ғалымдары пайдаланылған мотор майларын сутек қысымында гидрокрекингтеу арқылы сапалы мотор отындары мен басқа да құнды органикалық қосылыстарды алудың ресурс үнемдейтін, экологиялық тиімді технологиясын жасауда.

Зерттеудің өзектілігі жаһандық проблемамен тікелей байланысты: әлем бойынша жыл сайын 40–60 миллион тоннаға жуық пайдаланылған мотор майы түзіледі, бірақ олардың небәрі 40%-ы ғана өңделеді, ал қалғаны жылу беретін пештерде жағылып, қоршаған ортаны ластайды. Стокгольм конвенциясы бойынша бұл майлар планетаның ең қауіпті ластаушыларының қатарына жатқызылған. Қазақстанда пайдаланылған майларды регенерациялау арқылы қалпына келтіру процесі кеңінен қолданылмайды әрі кем дегенде алты сатыдан тұратын күрделі әрі қосымша қаражатты қажет ететін технология болып табылады, сонымен қатар майды толық бастапқы қалпына келтіруге мүмкіндік бермейді.

Жобаның басты ерекшелігі – катализатор ретінде металлургиялық өндірістердің кен өңдеу қалдықтары (соның ішінде Павлодар алюминий зауытының боксит рудасын өңдеу қалдығы – қызыл шлам) мен табиғи цеолиттер негізіндегі түрлендірілген катализаторларды қолдану. Мұндай тәсіл әлемде де, Қазақстанда да алғаш рет жүйелі түрде зерттеледі. Ғалымдардың алдын ала алған нәтижелері бойынша боксит рудасының қалдығы қатысындағы гидрокрекингтеу процесінде бензин мен дизель отынының қосынды шығымы 77%-дан асады, ал жүйедегі сутек қысымы мен процесс температурасы белгілі әдістермен салыстырғанда 2–2,5 есеге төмен болады.

Жоба аясында ғалымдар катализаторлардың құрылымдық және беттік қасиеттерін заманауи физика-химиялық талдау әдістерімен (ИҚ-спектроскопия, электрондық микроскопия, рентгеноспектрлік және рентгенофазалық талдау) зерттейді, гидрокрекингтеу процесінің оңтайлы жағдайларын (сутек қысымы, температура, катализатор мөлшері, процесс ұзақтығы) анықтайды, сондай-ақ алынатын сұйық дистилляттардың көмірсутектік құрамы мен отын фракцияларының негізгі физика-химиялық көрсеткіштерін (октан және цетан сандары, күкірт мөлшері, тұтқырлығы, тығыздығы және т.б.) хромато-масс спектрометрия мен газ-сұйықтық хроматография әдістерімен анықтайды.

Зерттеу нәтижесінде пайдаланылған мотор майларын бензинге, керосинге, дизель отынына және басқа да органикалық қосылыстарға (сұйық парафиндер, изопарафиндер, нафтендер, ароматты көмірсутектер) 90%-дан жоғары шығыммен айналдырудың зертханалық технологиялық регламенті әзірленеді. Жоба 2025–2027 жылдар аралығында, яғни 36 ай бойы «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану» басым бағыты аясында жүзеге асырылады.

Жобаның қолданыстағы аналогтардан түбегейлі айырмашылығы – ұсынылатын әдісте сұйық өнім (бензин, керосин, дизель отыны) бойынша селективтіліктің шамамен 92%-ды құрайтындығында, ал бұрынғы шетелдік әдістерде негізінен тек дизель отыны алынатын. Технологияны отандық шикізат пен өнеркәсіп қалдықтарына негіздеу оны экологиялық және экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті етеді.

Күтілетін нәтижелер көлік және металлургия саласындағы қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешумен қатар, елдің отын-энергетика нарығын жаңа отандық технология негізінде сапалы көлік отындарымен және құнды мұнайхимия реактивтерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өндіру мен өңдеуге жұмсалатын экономикалық шығындарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Әзірленетін зертханалық регламент әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінің дипломдық, магистрлік және PhD-докторлық жобаларында да қолданылатын болады.

Дереккөз: https://farabi.university/news/106431?lang=kz
Фото: Farabi.university

«« | »»
Соңғы жаңалықтар