АҚШ-тың молекулалық биологтары тұмау вирусының ең тұрақты бөліктерінің бірі саналатын M2 ақуызының негізгі фрагменттерінен тұратын вирусқа ұқсас бөлшектер негізінде нановакцина әзірледі. Вакцина тышқандарды вирустың үш түрлі штамынан қорғаған.
«Біздің мақсатымыз – әмбебап әрі тиімділігі жоғары тұмауға қарсы вакцина жасау. Бұл адамдарға әр маусым сайын вакцина алудан бас тартуға мүмкіндік береді. Болашақта бір ғана инъекция адамды тұмау инфекциясынан өмір бойы қорғайтын препарат жасай аламыз деп сенеміз», – деді U-M профессоры Вэнь Фэй.
Қазіргі тұмауға қарсы вакциналардың көпшілігі әлсіретілген вирус бөлшектеріне немесе оның екі негізгі ақуызы – гемагглютинин мен нейраминидазаның фрагменттеріне негізделген. Бұл екі молекуланың құрылымы тез өзгеретіндіктен, вакцина әзірлеушілер препарат құрамындағы вирус бөлшектері мен пептидтердің жиынтығын үнемі жаңартып отыруға мәжбүр.
АҚШ ғалымдары бұл мәселені шешуге қарай қадам жасап, тұмау вирусы бөлшектерінің ең шағын компоненттерінің бірі – M2 ақуызының фрагменттерінен тұратын вирусқа ұқсас бөлшектер негізінде вакцина жасады. Бұл пептид жаңа вирус бөлшектерінің түзілуінде маңызды рөл атқарады. Оның құрылымы соңғы жүз жылда тұмау вирусының көптеген штамдарында айтарлықтай өзгермеген. Сондықтан оны тұмауға қарсы әмбебап вакцинаның нысанасы ретінде пайдалануға болады.
Ол үшін зерттеушілер кәдімгі ашытқының геномын өзгертіп, олардың жасушалары M2 ақуызының көп мөлшерін өндіретіндей етіп жасады. Кейін бұл саңырауқұлақтардың жасуша қабырғаларын арнайы химиялық заттар қоспасының көмегімен ерітіп, жасуша құрамындағы заттарды көптеген вирусқа ұқсас нанобөлшектерді алу үшін пайдаланды. Ғалымдар осы құрылымдарды тышқандардың ағзасына енгізіп, олардың иммундық жүйесінің реакциясын бақылаған.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, әзірленген вакцина прототипі жануарларда тұмау вирусының көптеген штамына қарсы иммунитеттің қалыптасуына ықпал еткен. Технологияның тағы бір артықшылығы – жаңа вакцинаны әзірлеуге дәстүрлі тұмауға қарсы вакциналарды жаңартуға кететін алты айдың орнына небәрі бір ай қажет.
Ғалымдардың айтуынша, бұл тәсіл вакцина медициналық тәжірибеге енгізілген жағдайда M2 ақуызында жаңа мутациялар пайда болса, оларға жедел жауап беруге мүмкіндік береді.
Дереккөз: https://news.umich.edu/new-flu-vaccine-protects-mice-against-multiple-strains/
Фото: News.umich.edu