Шэньчжэнь университетінің ғалымдары төрт жыл бұрын үлкен депрессиялық бұзылыстың даму қаупін болжауға қабілетті жасанды интеллект (ЖИ) моделін әзірледі. Бұл туралы South China Morning Post хабарлады.
Модель Еуропада жасөспірімдер арасындағы депрессияға қатысты жүргізілген екі клиникалық зерттеудің деректері негізінде жасалған. Зерттеулердің біріне қатысушылар 16, 19 және 23 жасында МРТ-дан өтіп, адам эмоциялары бейнеленген суреттерді көру кезінде бірқатар сынақтардан өткен.
Ғалымдар депрессияға шалдықпаған адамдар эмоцияларды адамның бет әлпетінен оңай танып, оларға дұрыс жауап беретінін анықтады. Мысалы, олар күлімсіреуге жылы шыраймен жауап береді. Ал депрессияға бейімділігі бар адамдардың эмоцияларды қабылдауы бұрмаланады: олар басқа адамның жүзінен ашу мен тітіркенуді көруге бейім, тіпті шын мәнінде мұндай эмоциялар байқалмаса да.
Осы деректер негізінде қытайлық зерттеушілер визуалды ақпараттың мида өңделу үдерісін имитациялайтын ЖИ моделін жасады. Зерттеушілер модельдің көмегімен 19 жастағы қатысушылардың реакцияларын талдап, олардың қайсысында 23 жасқа қарай депрессия дамитынын дәл болжай алды.
Сонымен қатар ғалымдар ЖИ көмегімен арнайы маркер әзірлеп, оны екінші зерттеуге қатысушыларға қолданды. Бұл зерттеуде депрессия алкоголизм, шамадан тыс тамақтану және есірткіге тәуелділік сияқты басқа да психикалық бұзылыстармен салыстырылды. Нәтижесінде 400 жасөспірімнің ішінде маркер бойынша нормадан ауытқу тек ауыр депрессияның клиникалық диагнозы қойылған адамдардан анықталған. Олардың саны 134 адам болды.
Дереккөз: https://www.kommersant.ru/doc/8890896
Фото: Istock