Қазақстан ғылымы

Yessenov University ғалымдары мұнай өндірудің тиімділігін арттыратын технология әзірлеп жатыр

22.07.2026

3

Yessenov University ғалымдары «Маңғыстау облысы кен орындарының мұнай қабаттарындағы парафинді шөгінділердің түзілу процестерін зерттеу» атты ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Жоба жетекшісі – «Геология және мұнай-химиялық инжиниринг» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Рыскүл Баямирова.

Зерттеудің негізгі мақсаты – Маңғыстау облысы кен орындарындағы мұнай қабаттарында түзілетін асфальт-шайырлы-парафинді шөгінділердің (АШПШ) пайда болу ерекшеліктерін зерттеп, олардың түзілуінің алдын алатын және жоюға мүмкіндік беретін тиімді технологияларды әзірлеу. Бұл мұнай қабаттарының мұнай беру коэффициентін арттыруға және өндіру тиімділігін жақсартуға бағытталған.

Жобаның өзектілігі Маңғыстау облысындағы мұнай кен орындарының басым бөлігінің игерудің соңғы кезеңіне өтуімен байланысты. Ұзақ жылдар бойы қабат қысымын сақтау үшін суық теңіз суын айдау нәтижесінде қабат температурасы төмендеп, парафинді шөгінділердің түзілуі күшейеді. Соның салдарынан қабаттардың өткізгіштігі төмендеп, ұңғымалардың өнімділігі азаяды және мұнай өндіру процесі күрделене түседі.

Осы мәселені шешу үшін ғалымдар қабат мұнайының қасиеттеріне кешенді зерттеулер жүргізіп, температуралық өзгерістердің парафинді шөгінділердің түзілуіне әсерін бағалайды. Сонымен қатар керн материалында фильтрациялық эксперименттер орындалып, АШПШ түзілуінің алдын алуға арналған тиімді химиялық реагенттер іріктеледі.

Жобаның алғашқы кезеңінде Өзен кен орны мұнайына зертханалық зерттеулер жүргізіліп, парафиндердің кристалдану және балқу температуралары анықталды. Нәтижесінде олардың қабат жағдайында түзілу механизмдері туралы жаңа ғылыми деректер алынды. Бұл нәтижелер мұнай қабаттарының мұнай беру коэффициентін арттыруға бағытталған жаңа технологияларды әзірлеуге ғылыми негіз болып отыр.

Әзірленіп жатқан технологиялық шешімдер заманауи зертханалық жабдықтардың көмегімен зертханалық жағдайда және керн үлгілерінде сүзгілік сынақтар арқылы тексеріледі. Жоба нәтижесінде Маңғыстау облысының мұнай кен орындарында тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар жүргізуге арналған ғылыми негізделген ұсынымдар әзірленеді.

Жобаның практикалық маңызы – игерудің соңғы сатысындағы кен орындарының тиімділігін арттыру. Бұл парафинді шөгінділердің түзілуін азайтып, өнімді қабаттардың өткізгіштігін жақсартуға, мұнай беру коэффициентін ұлғайтуға және мұнай өндіру кезіндегі пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.

Жобаға университеттің жас ғалымдары мен докторанттары белсенді қатысып жатыр. Бүгінгі таңда зерттеу нәтижелері бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда екі мақала және Scopus халықаралық деректер базасында индекстелетін ғылыми журналда бір мақала жарияланды.

Жоба нәтижелері мұнай-газ саласында өндірістік тиімділікті арттыруға, отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге және Қазақстанның мұнай-газ ғылымының әлеуетін күшейтуге маңызды үлес қосады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1261221?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар