Әлемдегі ғылым

NU зерттеушілері су шығынын азайтудың инновациялық жолдарын ұсынды

21.07.2026

9

Nazarbayev University зерттеушілері су шығынын азайтуға және су шаруашылығы инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға бағытталған екі ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырып жатыр. 

Қазақстандағы 14 000 шақырымнан астам ирригациялық канал шұғыл жаңғыртуды қажет етеді. Жыл сайын ағып кету мен сүзілудің салдарынан 12-15 текше шақырым су жоғалады — бұл ірі өзеннің бір жылдық ағынымен салыстыруға болатын көлем. Дәстүрлі бетон −30°C-қа дейінгі аязда жарылады, тұзданған топырақтың әсерінен бұзылады және 5-10 жылдан артық қызмет етпейді.

Nazarbayev University ғалымдары аталған мәселені шешудің инновациялық жолдарын ұсынып отыр.

Бірінші жоба Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры Санг Ву Мунның жетекшілігімен, профессорлар Альфрендо Сатьянага және Вуджин Лимен бірлесіп жүзеге асырылуда. Зерттеушілер ирригациялық каналдарға арналған сүзілуді болдырмайтын қаптамалар жасау үшін BOF-шлак пен сульфоалюминатты цементті (CSA) қолдану мүмкіндігін зерттеуде. Жоба аясында зертханалық зерттеулер, су сапасы мен экологиялық қауіпсіздікті бағалау, сондай-ақ пилоттық нысандарда далалық сынақтар жүргізу қарастырылған. Болашақта бұл жұмыстың нәтижелері Қазақстанда аталған технологияны қолдануға арналған алғашқы ұлттық техникалық регламенттің негізіне айналуы мүмкін.

Екінші жобаны қауымдастырылған профессорлар Чанг-Сеон Шон, Дичуан Жанг және Альфрендо Сатьянага постдокторант Сәкен Сандыбаймен бірлесіп жүзеге асыруда. Зерттеу тобы өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы қалдықтарынан алынатын геополимерлік материалдар негізінде климаттық жағдайларға бейімделген канал қаптамаларын әзірлеуде. Сонымен қатар жоба спутниктік және геокеңістіктік деректерді пайдалана отырып су шығынын цифрлық мониторингтеуді, сондай-ақ суару жүйелерін жаңғыртудың экологиялық және экономикалық әсерін бағалауды қамтиды.

Дереккөз: https://nu.edu.kz/news-kk/qazaqstannyng-kanaldary-su-zhoghaltuda-nazarbayev-university-sheshim-aezirleude/
Фото: Vecteezy.com

«« | »»
Соңғы жаңалықтар