Қазақстан ғылымы

Deepfake технологияларын қылмыстық мақсатта пайдаланудың құқықтық аспектілері зерттелуде

07.07.2026

5

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заңгер-ғалымдары қылмыстық мақсатта deepfake технологияларын қолданудың қылмыстық-құқықтық аспектілерін зерттеуге, оларды құқықтық реттеудің халықаралық тәжірибесін зерделеуге, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге және жасанды интеллектінің дамуымен байланысты заманауи киберқауіптерден азаматтарды қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. 

Жобаның өзектілігі жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуымен және deepfake технологиялары мен әлеуметтік инженерия әдістерін пайдалану арқылы жасалатын онлайн-алаяқтық жағдайларының көбеюімен байланысты. Бұл технологиялар қаскөйлерге азаматтарды алдау, олардың дербес деректеріне қол жеткізу және мүлкін заңсыз иемдену мақсатында шынайы бейнелерді, бейнежазбаларды және дауыстық хабарламаларды жасауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда цифрландыру үдерісінің қарқынды жүруі, сондай-ақ биометриялық және ақпараттық технологияларды қолдану аясының кеңеюі жағдайында мұндай қауіптер ерекше қоғамдық қатерге айналып отыр. Сонымен қатар қолданыстағы қылмыстық заңнамада цифрлық алаяқтықтың жаңа түрлеріне тиімді қарсы тұруға арналған құқықтық тетіктер әлі де жеткіліксіз.

Зерттеушілердің мақсаты – deepfake технологиялары мен әлеуметтік инженерия әдістерін пайдалану арқылы жасалатын онлайн-алаяқтыққа қарсы қылмыстық-құқықтық шараларды айқындау, сондай-ақ осы санаттағы қылмыстармен күрестің тиімділігін арттыру үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсынымдар әзірлеу.

Зерттеу нәтижелерінің негізгі тұтынушылары – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы, сот органдары, сараптамалық мекемелер, цифрлық даму және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар, сондай-ақ құқық, ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект салалары бойынша мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары.

Ғылыми жоба: AP26103625 «Deepfake технологиялары мен әлеуметтік инженерияны пайдалану арқылы жасалатын онлайн-алаяқтық: қылмыстық-құқықтық қарсы іс-қимыл мәселелері және заңнамалық реттеудің перспективалары».
Жоба жетекшісі: Мұратова Алуа Жасланқызы, PhD докторы, доцент міндетін атқарушы, кафедра меңгерушісі.

Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар