Әлемдегі ғылым

АҚШ ғалымдары өсіп, көбейе алатын синтетикалық жасуша жасады

02.07.2026

3

АҚШ ғалымдары алғаш болып толықтай жансыз химиялық компоненттерден құрастырылған, қоректеніп, өсіп және көбейе алатын синтетикалық жасуша жасады. Бұл жетістік синтетикалық биология саласындағы маңызды қадам саналады және болашақта арнайы мақсатқа бейімделген «тірі машиналарды» жасауға жол ашуы мүмкін. 

Жобаны жүзеге асырған топтың жетекшісі, Миннесота университетінің профессоры Кейт Адамала жаңа жасушаны SpudCell деп атады. Оның айтуынша, жасушаның барлық химиялық құрамы нақты белгілі болғандықтан, оны түрлі міндеттерге бейімдеп бағдарламалауға болады. 
Жаңа синтетикалық жасуша әзірге өте қарапайым. Ол қоректеніп, шамамен бес ұрпаққа дейін көбейе алады, бірақ өздігінен өмір сүре алмайды және үнемі сырттан қоректендіруді қажет етеді. Сондықтан ғалымдар оны толыққанды тірі ағза деп есептемейді. 

Зерттеушілердің пікірінше, бұл технология болашақта қатерлі ісікке қарсы жаңа емдеу тәсілдерін жасауға, атмосферадағы көмірқышқыл газын тиімді сіңіруге, сондай-ақ өнеркәсіпке қажетті химиялық заттарды экологиялық жолмен өндіруге мүмкіндік беруі мүмкін. 

Мамандар бұл әзірлемені соңғы жылдардағы синтетикалық биология саласындағы ең ірі жетістіктердің бірі деп бағалап отыр. Сонымен қатар технологияның кеңінен таралуы биоқауіпсіздік пен этикалық мәселелерді де қатар қарастыруды талап етеді. Әзірлеушілер жаңа жасушаның қазіргі нұсқасы қауіп төндірмейтінін және қоректендірусіз көбейе алмайтынын атап өтті.

Дереккөз: https://edition.cnn.com/2026/07/01/science/synthetic-cell-research
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар