Әлемдегі ғылым

Жапондар жаңа тіс өсіруге арналған препаратты сынақтан өткізе бастады

30.06.2026

3

Жапония ғалымдары адам тісін жаңадан өсіруге мүмкіндік беруі мүмкін дәрінің клиникалық сынақтарын бастады. Препарат еріктілерге жүргізілген сынақтың алғашқы кезеңінен сәтті өтті. Ал әзірлеушілер оны 2030 жылға қарай нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Емдеу әдісі ең алдымен туа біткен тіс жетіспеушілігі бар науқастарға арналған. Алайда болашақта жарақат немесе тісжегі салдарынан тісінен айырылған адамдарға да көмектесуі мүмкін. Бұл туралы Toregem BioPharma (TBP) компаниясы хабарлады.

Препаратты Осакадағы Китано медициналық зерттеу институтының мамандары әзірлеген. Аталған институт Киото университетімен байланысты жұмыс істейді. Зерттеу адамның жаңа тіс қалыптастыру қабілетін шектейтін табиғи механизмді анықтауға негізделген.

Ғалымдар ағзадағы белгілі бір ақуыздың жақ сүйегінде сақталатын «ұйқыдағы» тіс бастамаларының дамуын тежейтінін анықтады. Осыған байланысты олар әзірлеген TRG-035 препараты бұл ақуыздың әсерін бейтараптандыратын антидене болып табылады. Соның нәтижесінде тіс бастамалары белсеніп, үшінші буындағы жаңа тістердің өсуі ынталандырылады. Тышқандар мен күзендерге жүргізілген тәжірибелерде препаратты қолданғаннан кейін жаңа тістердің сәтті шыққаны байқалған.

Клиникалық сынақтың алғашқы кезеңі 2024 жылдың қыркүйегінде Киото университетінің ауруханасында басталды. Зерттеуге жасы 30 бен 65 аралығындағы, кемінде бір азу тісі жоқ 30 дені сау ер адам қатысты. Сынақтың негізгі мақсаты – жаңа емдеу әдісінің қауіпсіздігін бағалау болды. Алдын ала нәтижелерге сәйкес, еріктілер арасында елеулі жанама әсерлер тіркелмеген.

Келесі кезеңде препаратты туа біткен анодонтиясы бар екі жастан жеті жасқа дейінгі балаларға сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Бұл – алты немесе одан да көп тұрақты тісі мүлде қалыптаспайтын сирек кездесетін ауру. Мұндай науқастар үшін қазіргі емдеу тәсілдерінің мүмкіндігі шектеулі. Себебі балалардың жақ сүйегі әлі өсіп жатқандықтан, бұл жаста тіс имплантациясын жасау көп жағдайда мүмкін болмайды.

Әзірлеушілер болашақта бұл технологияны әлдеқайда кеңінен қолдануға болады деп үміттенеді. Атап айтқанда, тісжегі, жарақат немесе басқа да аурулар салдарынан жоғалған тістерді қалпына келтіруге мүмкіндік беруі ықтимал.

Дегенмен мамандар әзірге препараттың тиімділігі туралы нақты қорытынды жасауға ерте екенін айтып отыр. Клиникалық сынақтың алғашқы кезеңінің толық нәтижелері әлі рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланған жоқ. Сондай-ақ препараттың адамда толыққанды жаңа тіс өсіре алатыны әзірге дәлелденбеген. Бұдан бөлек, ғалымдар жаңа тістердің дұрыс жарып шығатынын, жүйкелер және қан тамырларымен толыққанды байланыс орната алатынын анықтауы қажет.

Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2026/06/29/28783465.shtml
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар