Әлемдегі ғылым

Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтық мәртебесі заңнамалық тұрғыдан бекітілді

25.06.2026

8

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Аталған заңның қабылдануы отандық ғылымды дамыту мен заманауи ғылыми-технологиялық саясатты қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Құжат ғылыми қызметті қолдаудың жаңа тетіктерін енгізуге, зерттеу нәтижелерін экономиканың нақты секторына тиімді енгізуге және елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі – ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтық мәртебесінің заңнамалық тұрғыдан бекітілуі. Алғаш рет олардың құқықтары, міндеттері мен кепілдіктері жүйелі түрде айқындалды. Сонымен қатар ғылыми қауымдастықтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесетін Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары жөніндегі уәкіл институты енгізіледі.

Құжатта жас зерттеушілерді қолдауға ерекше назар аударылған. Заңда PhD бағдарламалары түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейтіліп, «жас ғалым» ұғымы енгізілді. Сондай-ақ ғылым саласына дарынды жастарды тартуға қолайлы жағдайлар жасалады.

Заңның тағы бір маңызды жаңалығы – ғылымды қажетсінетін аумақтарды, оның ішінде ғылым қалашықтары мен ғылыми-технологиялық парктерді құру. Олар инновацияларды дамытуға, ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығын нығайтуға және жоғары технологиялық жобаларды іске асыруға арналған алаңға айналады.

Сондай-ақ құжатта ғылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, ғылыми инфрақұрылымды дамыту, ортақ пайдаланылатын зертханалар құру және ғылыми жабдықтарды цифрлық есепке алу жүйесін енгізу көзделген. Бұл ресурстарды тиімді пайдалануға, зерттеушілердің заманауи технологияларға қолжетімділігін арттыруға және озық ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Заңдағы түзетулердің жеке бір бөлігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының стратегиялық болжау жүргізу және елдің ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық басымдықтарын айқындаудағы рөлін күшейтуге бағытталған.

Заңды іске асыру Қазақстанның ғылыми экожүйесін одан әрі дамытуға, отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, инновацияларды енгізу қарқынын жеделдетуге және білімге негізделген экономиканы қалыптастыруға ықпал етеді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1247428?lang=kk
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар