Оук-Ридж (АҚШ) ұлттық зертханасының ғалымдары оригами өнеріне қарап жасалған 3D-басып шығарудың гибридті әдісін әзірледі. Бұл технология күрделі әрі жеңіл құрылымдарды дәстүрлі тәсілдерге қарағанда 20 есе жылдам жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өндіріс уақыты 95%-ға, ал шығындар 90%-ға қысқарады.
Жаңа технологияның жұмыс істеу қағидасы қарапайым: материалдар икемді мата негізіне (нейлон, шыныталшық немесе шайыр сіңірілген талшықтар) жағылады, алдымен жазық панельдер 3D-басып шығарылады, кейін олар оригами тәсілімен көлемді пішіндерге бүктеледі. Қатты және иілгіш бөліктер молекулалық деңгейде бірігіп, тұтас әрі берік құрылым түзеді. Бұл әдісте қымбат қалыптар қажет емес, сондықтан композиттік материалдарды дәстүрлі өндірудегі негізгі кедергі толықтай жойылады.
Бұл әдіс АҚШ Энергетика министрлігі-нің демонстрациялық алаңында сәтті сынақтан өтті. Технологияның арқасында көлемі 3D-принтердің өзінен де үлкен конструкцияларды басып шығаруға болады. Сонымен қатар оларды бүктелген күйде оңай тасымалдап, қажетті жерде тез жинақтауға мүмкіндік бар. Бұл жаңалық беріктігі жоғары, бірақ салмағы барынша жеңіл конструкциялар аса маңызды саналатын аэроғарыш өнеркәсібі, автомобиль жасау және құрылыс салалары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Жобаның жетекші зерттеушісі Стивен Гузорек табыстың басты сыры бір-бірімен сенімді байланысатын материалдарды дұрыс таңдауда екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы фактор технологияның беріктігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді.
Зертхана бұл өнертабысқа патент алуға өтінім беріп, технологияны өнеркәсіптік компанияларға лицензиялауға дайындап жатыр. Алдағы уақытта зерттеушілер өндіріс процесін ауқымды деңгейге шығарып, оны өндірушілердің кең тобы үшін қолжетімді етуді жоспарлап отыр.
Дереккөз: https://www.ixbt.com/live/3d-modelling/uchenye-v-95-raz-uskorili-3d-pechat-s-pomoschyu-origami.html
Фото: Ornl.gov