Әлемдегі ғылым

Ұшқышсыз аппараттың әуеде ұзақ уақыт жұмыс істеуіне арналған платформа жасалды

15.06.2026

12

Сәтбаев университетінің ғалымдары әуеде ұзақ уақыт жұмыс істеуге арналған біріктірілген ұшқышсыз мультикоптерлік платформаны әзірлеу бойынша ғылыми жобаны сәтті аяқтады. Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруы аясында жүзеге асырылды.

Жоба PhD доктор, қауымдастырылған профессор Қырмызы Тайсариеваның жетекшілігімен жүзеге асырылып, оған магистранттар мен докторанттар белсенді қатысты. Жас зерттеушілер математикалық модельдеу, тәжірибелік үлгіні әзірлеу және эксперименттік сынақтар жүргізу жұмыстарына атсалысып, ұшқышсыз технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеу тәжірибелерін жетілдірді.

Зерттеу тобы электрмен қамту жүйесімен жабдықталған біріктірілген мультикоптер платформасын әзірледі. Жобаның басты ерекшелігі – жер үсті станциясынан арнайы кабельдік желі арқылы үздіксіз электр энергиясын беру мүмкіндігі. Бұл технология ұшқышсыз аппараттың әуеде ұзақ уақыт тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Жоба шеңберінде жоғары коммутациялық жиілікпен және кернеуді түрлендіру коэффициентімен сипатталатын инвертор электрмен қамту жүйесі әзірленді. Зерттеу барысында инвертордың математикалық моделі құрылып, оның жұмысын тиімді басқаруға арналған алгоритмдер жасалды, сондай-ақ MATLAB/Simulink бағдарламалық ортасында имитациялық модельдеу жүргізіліп, оның тәжірибелік үлгісі жасалды.

Сонымен қатар Autodesk, ANSYS CFX бағдарламалық кешендерін пайдалану арқылы мультикоптердің үшөлшемді моделі әзірленіп, оның аэродинамикалық сипаттамаларына кешенді талдау жасалып, мультикоптердің тәжірибелік үлгісі әзірленді.

Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары ұсынылған техникалық шешімдердің тиімділігін сандық және сапалық тұрғыдан бағалауға, платформаның жұмыс режимдерін оңтайландыруға, сондай-ақ шығыс кернеуінің сапалық көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік берді. Алынған нәтижелер әзірленген платформаның жоғары тиімділігі мен практикалық қолдану әлеуетін растады.

Жоба нәтижесінде біріктірілген мультикоптерлік платформаның тәжірибелік үлгісі дайындалып, оның негізгі түйіндері мен электрмен қамту жүйесіне зертханалық және эксперименттік сынақтар жүргізілді. Сынақ қорытындылары әзірленген платформаның жұмысқа қабілеттілігін, энергияны тиімді түрлендіру мүмкіндігін және қорғаныс механизмдерінің сенімділігін растады.

Жоба ғылыми-техникалық тәжірибе жинақтауға және біріктірілген ұшқышсыз жүйелер саласындағы болашақ зерттеулерге негіз болатын маңызды эксперименттік деректер алуға мүмкіндік берді.

Авторлардың айтуынша, әзірленген платформа телекоммуникация, экологиялық мониторинг, авариялық-құтқару операциялары, стратегиялық нысандарды күзету және ұшқышсыз аппараттардың әуеде ұзақ уақыт болуын талап ететін басқа да салаларда кеңінен қолданылуы мүмкін.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1238890?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар