Әлемдегі ғылым

Сүт сарысуын терең өңдеу технологиялары әзірленіп жатыр

20.05.2026

14

Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты ғалымдары сүт өндірісінің жанама өнімі саналатын сүт сарысуын тиімді пайдалануға бағытталған ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Қазіргі таңда бұл өнім көбіне шектеулі көлемде қолданылып немесе екінші реттік шикізат ретінде қолданылып келеді.

Жоба аясында сүт сарысуын терең өңдеу және оны қышқыл сүт пен сүзбе өнімдерін өндіруде пайдалану технологиялары әзірленуде. Ғалымдардың айтуынша, сүт сарысуы жоғары тағамдық әрі биологиялық құндылыққа ие және функционалды тағам өнімдерін жасауға негіз бола алады.

Зерттеушілер сарысу негізінде ақуыз-көмірсулы концентраттар әзірлеп, оларды бидай кебегі мен жасымық секілді өсімдік тектес шикізаттармен үйлестіруде. Мұндай тәсіл өнімнің қоректік құндылығын арттырып қана қоймай, сүт өндірісіндегі жанама өнімдерді ұтымды өңдеу мәселесін де шешеді.

Әзірленіп жатқан технологиялар функционалдық қасиеттері жақсартылған айран, сүзбе өнімдері, құрт және қоюлатылған сүт өнімдерінің жаңа түрлерін шығаруға жол ашады.

Мамандардың айтуынша, жаңа өнімдердің құрамында жеңіл сіңетін ақуыз, тағамдық талшықтар мен денсаулықты нығайтып, ас қорыту жүйесін жақсартуға ықпал ететін биологиялық белсенді заттар мөлшері жоғары.

Қазіргі уақытта өнім рецептураларын әзірлеу, технологиялық өлшемдерді анықтау және тәжірибелік сынақтар жүргізу жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта бұл технологияларды Қазақстанның сүт өңдеу кәсіпорындарында енгізу жоспарланып отыр.

Жобаны іске асыру арқылы сүт сарысуын аз қолданылатын жанама өнімнен жаңа буындағы тағам өнімдерін өндіруге арналған құнды шикізатқа айналдыруға, сондай-ақ шикізат шығынын азайтып, елдегі сүт өнеркәсібіндегі қайта өңдеу тиімділігін арттыруға болады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1223974?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар