Қазақстан ғылымы

Кен орындарын игеру кезіндегі опырылу қаупін болжаудың жаңа әдісі

14.05.2026

2

Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ғылыми ұжымы кен орындарын игеру барысында жер бетінде опырылу құбылыстарын болжау бойынша зерттеу жүргізіп, Риддер-Сокольный және Ақжал кен орындарындағы қатерді төмендетуге арналған алдын алу шаралары жөнінде ұсынымдар әзірледі.

Тау жыныстары мен топырақ массивінің табиғи күйіне техногендік араласудың салдары механикалық кернеулердің қайта бөлінуіне, тау жыныстарының өндірілген кеңістікке ығысуына, табиғи жарықтардың таралуына, жыныстардың дезинтеграция аймақтарының пайда болуына, сондай-ақ жыныстардың кен қазбаларына кенеттен әрі бақылаусыз опырылуына әкелуі мүмкін.

Жер бетінің ықтимал шөгуі мен опырылу құбылыстарының болжамы нормативтік әдістемелермен регламенттелген көптеген тау-геологиялық және тау-техникалық факторларды талдау негізінде жасалады. Алайда опырылу құбылыстарын тіркеу тәжірибесі бұл құбылыстың әлі де жеткілікті деңгейде зерттелмегенін көрсетеді. Атап айтқанда, тау жыныстары массивіндегі бұзылулардың сыни деңгейге дейін дамуы және олардың жер бетіне жақын орналасқан жыныс қабаттарының тұрақтылығына әсері толық зерттелмеген.

Зерттеу идеясы ықтимал опырылу орындарын анықтау үшін жер бетін опырылу қаупінің жанама көрсеткіштері бойынша аймақтарға бөлу қағидаттарын, тау жыныстары массивінің құрылымдық бұзылуының сыни деңгейін анықтауға арналған геофизикалық (сейсмоакустикалық) бақылауды және опырылудың жүзеге асу уақытын анықтауға арналған математикалық (сандық) модельдеуді біріктіретін жаңа тәсілді әзірлеуден тұрады.

Ғылыми-зерттеу жұмысы геотехника, геодезия, серпімділік теориясы мен материалдар беріктігі, сейсмоакустикалық томография және ақпараттық технологиялар салаларындағы озық ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып, пәнаралық тәсіл негізінде жүргізілді.

Опырылу қаупін болжау жүйесін жетілдіру және алдын алу шараларын қабылдау апатты құбылыстардың салдарын жоюға байланысты экономикалық шығындарды болдырмауға мүмкіндік береді.

Ғылыми жоба: АР19680130 «Жер бетінің опырылу қаупі жағдайында өнеркәсіптік экологиялық қауіпсіздікті және пайдалы қазбаларды толық өндіруді қамтамасыз ету».
Ғылыми жетекші: PhD докторы Ш.К. Айтказинова.

Фото: Inbusiness.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар