Әлемдегі ғылым

Ғалымдар күн сәулесінің көмегімен ауадан су жинайтын кристалл жасады

12.05.2026

9

АҚШ ғалымдары сыртқы энергия көзінсіз атмосферадан су жинап, сақтай алатын кристалдық құрылымды таныстырды. Жаңа технологияның негізі – металл атомдары мен органикалық қосылыстардан тұратын металлорганикалық қаңқа, яғни MOF-материал.

Тәжірибелер барысында ғалымдар ультракүлгін сәуленің әсерінен материал құрылымының өзгеретінін анықтады. Кристалл ішінде қуыстар пайда болып, сол жерлерге ауадан су молекулалары ене бастайды. Кейін ылғал материал ішінде микроскопиялық резервуарлар секілді сақталады.

Зерттеу авторларының айтуынша, бұл технология жарықтың көмегімен суды жинау процесін басқаруға мүмкіндік береді. Ғалымдар күн сәулесі осындай жүйелер үшін тегін энергия көзіне айналуы мүмкін екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта материал өз массасының шамамен 5%-ына тең көлемдегі суды сақтай алады. Зерттеушілердің пікірінше, құрылымды жетілдіру және технологияны ауқымды түрде дамыту арқылы бұл көрсеткішті арттыруға болады.

Жоба авторлары сынақ нұсқасында кадмий қолданылғанын да хабарлады. Сондықтан келесі кезеңде улы әсері аз компоненттерді іздеу жоспарланып отыр. Болашақта бұл технологияны қуаң аймақтарда және ауызсуға қолжетімділігі шектеулі жерлерде автономды сумен қамтамасыз ету жүйелерінде пайдалануға болады.

Дереккөз: https://www.ixbt.com/live/science/uchenye-sozdali-kristall-kotoryy-sobiraet-vodu-iz-vozduha-pod-solnechnym-svetom.html
Фото: Now.uiowa.edu 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар