Лома Линда университеті (АҚШ) ғалымдарының мәліметінше, жұмыртқа жеу 65 жастан асқан адамдарда Альцгеймер ауруының даму қаупін төмендетуі мүмкін. Ғалымдардың сөзінше, жұмыртқаны тұрақты түрде жеу мидың ұзақ мерзімді саулығын сақтауға көмектеседі.
Зерттеу нәтижесі бойынша, аптасына кемінде бір жұмыртқадан жеген адамдарда Альцгеймер ауруына шалдығу қаупі 27%-ға дейін төмен болған.
«Жұмыртқаны мүлде жемейтін адамдармен салыстырғанда, аптасына кемінде бес жұмыртқа тұтыну Альцгеймер ауруының қаупін азайтуы мүмкін», — деді Лома Линда университеті Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің профессоры әрі зерттеудің жетекші авторы Джоан Сабате.
Тіпті жұмыртқаны аз мөлшерде тұтынудың өзі пайдалы әсер көрсеткен. Айына 1-3 рет жұмыртқа жеу ауру қаупін 17%-ға төмендетсе, аптасына 2-4 рет тұтынған адамдарда қауіп шамамен 20%-ға аз болған.
«Egg intake and the incidence of Alzheimer's disease in the Adventist Health Study-2 cohort linked with Medicare data» атты зерттеу Nutrition журналында жарияланған. Ғалымдар тамақтану тәртібінің Альцгеймер ауруының даму ықтималдығына қалай әсер ететінін анықтау үшін осы зерттеуді жүргізген.
Ғалымдардың айтуынша, жұмыртқа мидың жұмысына маңызды бірнеше қоректік заттарға бай. Оның құрамында холин көп мөлшерде кездеседі. Ағза холинді ацетилхолин және фосфатидилхолин сияқты заттарды түзу үшін пайдаланады. Бұл қосылыстар есте сақтау қабілеті мен ми жасушалары арасындағы байланысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар, жұмыртқаның құрамында лютеин мен зеаксантин бар. Бұл каротиноидтар ми тіндерінде жиналып, ойлау қабілетінің жақсаруымен және тотығу стрессінің төмендеуімен байланысты. Бұдан бөлек, жұмыртқада омега-3 май қышқылдары бар, ал сарыуызында фосфолипидтер өте көп кездеседі — олар жұмыртқадағы барлық майлардың шамамен 30%-ын құрайды. Бұл қосылыстар нейромедиатор рецепторларының дұрыс жұмыс істеуінде үлкен маңызға ие.
Дереккөз: https://www.sciencedaily.com/releases/2026/05/260506225214.htm
Фото: Istock