Әлемдегі ғылым

ЖИ-ге негізделген мобильді роботты басқару жүйесі

08.05.2026

20

Академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының ғылыми ұжымы жасанды интеллект әдістеріне негізделген мобильді роботты басқарудың интеллектуалды жүйесін әзірлеп жатыр. 

Қазіргі мобильді роботтық жүйелер үнемі өзгеріп отыратын ортада жұмыс істейді. Сондықтан олар белгісіз жағдайлар мен сыртқы әсерлерге бейімделе алатын интеллектуалды басқару әдістерін қажет етеді.

Жасанды интеллект алгоритмдерін қолдану навигацияны оңтайландыру, қоршаған ортаны визуалды қабылдауды жақсарту және пайдаланушымен дауыстық өзара әрекеттесуді енгізу арқылы мобильді роботтардың автономдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Навигациялық, көру және дауыстық модульдерді бірыңғай басқару жүйесіне біріктіру есептеу және пайдалану шығындарын азайтып, робот жұмысының сенімділігін арттырады әрі адам факторына тәуелділікті төмендетеді. Сонымен қатар, заманауи модельдеу әдістері мен эксперименттік тексерулер нәтижелердің тұрақтылығы мен қайталануын қамтамасыз етеді.

Жобаның негізгі мақсаты – нақты уақыт режимінде тиімді навигацияны, визуалды қабылдауды және дауыстық өзара әрекеттесуді қамтамасыз ететін жасанды интеллект негізіндегі мобильді роботты басқарудың интеллектуалды жүйесін әзірлеу және тәжірибелік тұрғыда тексеру.

Мобильді роботтарды басқарудың интеллектуалды жүйесін әзірлеу – роботтық платформалардың тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ қолдану аясын кеңейтуге бағытталған өзекті міндеттердің бірі.

Ғылыми жоба: AP25796549 «Навигацияны, визуалды қабылдауды және дауыстық өзара әрекеттесуді оңтайландыру үшін мобильді роботтарды басқаруға жасанды интеллектті интеграциялау».
Ғылыми жетекші: Төленов Серік Әсілханұлы.

Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар