С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары тұрмыстық және өндірістік мақсатта қолдануға арналған инновациялық отандық су сүзгілерін әзірлеп жатыр.
Университет ғалымдары жүзеге асырып жатқан «Су нысандарын тазарту үшін композициялық сүзгі материалдарын өндіру» жобасы – экологиялық тұрғыдан тиімді әрі отандық өндірісті дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында биополимерлер, керамикалық және көміртекті материалдар негізінде графит оксидімен модификацияланған сүзгілеуші композициялық сорбенттер әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл материалдар суды әртүрлі қоспалар мен зиянды заттардан тиімді тазартуға мүмкіндік береді.
Ғалымдар сүзгілерді толықтай университет базасында дайындауды көздейді. Яғни сүзгі картридждерін құрастыру, корпустарын жасау және дайын өнімді сынақтан өткізу жұмыстары осы жерде жүргізіледі. Жобаның басты ерекшелігі – сүзгі картридждерін өсімдік және ауыл шаруашылығы қалдықтарын карбонизациялау арқылы өндіру. Бұл тәсіл экологиялық тұрғыдан тиімді болып қана қоймай, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге де мүмкіндік береді. Жоба аясында арнайы термопластавтомат құрылғысы сатып алынған. Аталған заманауи техника сүзгілерге арналған сапалы корпустарды дайындауға жағдай жасайды.
Зерттеу нәтижесінде әзірленетін үш сатылы толыққанды су тазарту құрылғысын тұрмыстық жағдайда пайдалануға болады. Тиісті сертификаттар алынғаннан кейін өнімді нарыққа шығарып, сатылымға ұсыну жоспарланып отыр.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1189401?lang=kk
Фото: Gov.kz