Пусан ұлттық университетінің ғалымдары мангоны пробиотиктермен бірге күнделікті жеу когнитивтік функцияларды жақсартатынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Food & Function (F&F) журналында жарияланды.
Сегіз аптаға созылған экспериментке 18 бен 65 жас аралығындағы ересектер қатысты. Қатысушылар күн сайын 400 грамм жаңа піскен манго жеп, қосымша түрде не пробиотик, не плацебо қабылдады. Пробиотиктер — ішек микрофлорасының тепе-теңдігін сақтауға көмектесетін, ас қорытуды жақсартып, иммундық жүйені нығайтатын тірі микроорганизмдер.
Артық салмағы бар қатысушыларда манго мен пробиотиктердің үйлесімі ағзадағы қабыну реакцияларын күшейтетін TNF-α молекуласының деңгейін төмендетті. Сонымен қатар оларда жұмыс жадының, яғни ақпаратты қысқа мерзімде сақтап, өңдеу қабілетінің, орташа деңгейде жақсарғаны байқалды.
Дене салмағы қалыпты адамдарда қабынуға қарсы әсер тіркелмеді, алайда оларда да ақпаратты өңдеу жылдамдығы мен зейін көрсеткіштері жақсарды. Авторлар бұл айырмашылықтарды семіздік кезіндегі зат алмасу ерекшеліктерімен байланыстырады.
Зерттеушілердің пікірінше, негізгі әсерді мангодағы полифенолдар — антиоксиданттық және қабынуға қарсы қасиеттері бар өсімдік тектес қосылыстар, әсіресе галлотанниндер көрсетті. Семіздігі бар адамдарда пробиотиктер ішек бактерияларына бұл заттарды неғұрлым белсенді түрлерге айналдыруға көмектесті. Бұл микробиота құрамының өзгеруімен қатар жүрді: қабынудың төмендеуімен байланысты Lactobacillus және Lachnospiraceae тектес бактериялардың үлесі артты.
Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2025/12/24/27489859.shtml
Фото: Istock