Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Хайнань спутниктік деректер орталығы және Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен (СБПУ) бірлескен жоба негізінде жерүсті спутниктік станциясы салынады. Қытай халық саяси кеңесінің комитеті (ҚХСКК) делегациясымен өткен кездесуде аталған станцияны орнату және оның орнын таңдау туралы хаттама-келісімге қол қойылды.
Қазіргі уақытта қазақстандық ғалымдар СБПУ-дағы әріптестермен бірлесіп келесі буындағы – Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы университеттік микроспутник болатын NKSAT жобасын әзірлеп жатыр.
Жалпы құны 3 миллион АҚШ доллар болатын жоба аясында ҚазҰУ аумағында Хайнань спутниктік деректер орталығы және СБПУ-мен бірлесіп жерүсті станциясын орнату жоспарланып отыр. Бұл станция Х-диапазонда жұмыс істеп, біздің спутниктермен қатар, басқа елдердің спутниктерінен де сигнал қабылдап, өңдеуге мүмкіндік береді.
Өзара келісім негізінде ҚазҰУ-дағы Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы базасында жерүсті қабылдау станциясын орнату бойынша бірлескен жұмыстар атқарылады. Жоба Қазақстан мен шекаралас аумақтарда спутниктік деректерді тарату, алмасу және тиімді пайдалану мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1038471?lang=kk
Фото: Gov.kz