Қазақстан ғылымы

Диабетпен ауыратын адамдарға арналған шұлық ойлап табылды

28.10.2025

18

Швейцарияның жоғары техникалық мектебіне қарасты Mynerva атты еншілес компаниның ғалымдары диабеттік нейропатиямен ауыратын науқастарға арналған Leia медициналық шұлықтарын жасау бойынша бес жылға созылған жұмысты аяқтады. Бұл құрылғы диабетпен ауыратын адамдардың табан сезімталдығын электрлік нейростимуляция арқылы қалпына келтіруге арналған.

Диабеттік нейропатия дүниежүзіндегі 560 миллион диабетпен ауыратын адамның шамамен 280 миллионында дамып келеді. Ауру балтыр нервінің зақымдануынан пайда болып, табаннан мидың орталығына дейінгі сигналдардың берілуін бөгейді. Нәтижесінде науқастар жүрген кезде жердің бетін сезе алмайды, созылмалы ауырсынуға шағымданады және құлап қалуы да мүмкін.

Leia шұлықтары үш технологиялық компоненттен тұрады. Табанына әр қадам сайын жүктеменің бөлінуін тіркейтін қысым датчиктері орнатылған. Балтыр бөлігінде сенсорлардан алынған деректерді өңдеп, оларды электрлік импульстерге түрлендіретін жасанды интеллект алгоритмдері бар ультрашағын процессор орналасқан. Ал матаның өзіне пайдаланушының зақымданбаған жүйке талшықтарына тікелей осы импульстерді жеткізетін электродтар тігіліп енгізілген.

Бұл технология инвазивті емес тәсілмен жұмыс істейді: ол әлі де қызметін сақтап тұрған жүйке ұштарын ынталандырып, табанның жермен жанасуы туралы кері байланыс қалыптастырады. Жүйе әрбір науқастың анатомиялық ерекшеліктеріне жеке бейімделіп бапталады.

Mynerva компаниясы өз әзірлемесін патенттеу және АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау басқармасынан (FDA) сертификаттау үшін қаржыландыру алды. Алдағы айларда табандағы жаралардың алдын алу және жүйке функциясын қалпына келтіру тұрғысынан шұлықтардың тиімділігін бағалауға арналған ұзақ мерзімді клиникалық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Өнімнің коммерциялық іске қосылуы 2027 жылға жоспарланған.

Дереккөз: https://www.ixbt.com/live/offtopic/v-shveycarii-razrabotali-noski-s-elektrostimulyaciey-dlya-diabetikov.html
Фото: Newatlas.com

«« | »»
Соңғы жаңалықтар