Қазақстан ғылымы

Аустралиялықтар ғимаратты салқындатып, су өндіре алатын бояу жасап шығарды

04.11.2025

13

Аустралия ғалымдары энергиясыз-ақ ғимараттарды салқындатып, ауадан тікелей су жинай алатын бояуға ұқсас наноинженерленген полимерлі жабын әзірледі. 

Сидней университеті таратқан мәлімдемеге сүйенсек, бұл өнертабыс жаһандық су тапшылығын шешуге және ғимараттарды салқындатуға көмектесіп, энергияны көп қажет ететін салқындату жүйелеріне деген қажеттілікті азайтуы мүмкін. Зерттеу Dewpoint Innovations компаниясымен бірлесіп жүргізілген. 

Профессор Чиара Нетто басқарған зерттеу тобы күн сәулесінің 97 пайызын қайтаратын және жылуды ауаға таратып жіберетін кеуекті полимерлі жабын жасады. Бұл қаптама тіпті тікелей күн астында да шатыр үстінің температурасын айналадағы ауа температурасына қарағанда алты градусқа дейін төмен ұстай алады. Осындай процесс ауадағы су буының салқындаған шатырға жиналып, тамшыға айналуына қолайлы жағдай жасайды – дәл ванна бөлмесіндегі айнаға бу конденсацияланатыны секілді.

Сидней наножаратылыстану орталығының шатырында жүргізілген алты айлық далалық зерттеу барысында шық суын жинауға мүмкіндік болды, сондықтан мұндай технология жауын-шашын болмаған кезеңдерде де тұрақты әрі болжамды су қорын қамтамасыз ете алады. Оңтайлы жағдайларда бұл жабындар тәулігіне бір шаршы метрден 390 мл-ге дейін су жинай алады – бұл бір адамның тәуліктік ауыз су қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

Дәстүрлі ақ бояулардан айырмашылығы, поливинилиденфторид-гексафторпропеннен (PVDF-HFP) жасалған бұл кеуекті жабындар титан диоксиді сияқты ультракүлгін сәулені шағылыстыратын пигменттерге тәуелді емес. Бұл жаңалықты зертханадан шатыры бар нақты нысандарға жеткізу үшін Dewpoint Innovations қазір қарапайым бояу валигі немесе бүріккіш құрылғымен жағуға болатын, су негізіндегі бояу түрін жасап жатыр.

Дереккөз: https://www.sydney.edu.au/news-opinion/news/2025/11/03/cooling-paint-harvests-water-from-thin-air.html
Фото: Sydney.edu

«« | »»
Соңғы жаңалықтар