Қазақстан ғылымы

Ұлттық ғылым академиясы еліміздегі алғашқы агроклиматтық көміртекті полигонды ашты

03.11.2025

8

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысының климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ҚР 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2025 жылғы 30 қазанда Қазақстанда алғашқы агроклиматтық көміртекті полигонын – «KAZ AGRO CARBON» ашты. Полигон А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының базасында орналасқан, ал шет елдік серіктес ретінде Ресей ғылым академиясының Аграрлық экология федералдық ғылыми орталығы қатысуда.

Полигон типтік агроландшафттық аумақта орналасып, экожүйелердің жағдайын жыл бойы бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда топырақтағы көміртегі теңгерімін, CO₂ және CH₄ ағынын өлшейтін камералар мен сенсорлар орнатылған, сондай-ақ температура, ылғалдылық және жауын-шашын көрсеткіштерін тіркейтін метеорологиялық бекеттер жұмыс істейді.

Сараптамалық бағалаулар бойынша Қазақстанда көміртекті секвестрлеу әлеуеті жылына 535 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Көміртекті офсеттер саудасы жыл сайын ел экономикасына 25 млрд долларға дейін тартуға мүмкіндік береді, бұл орнықты даму мен экономикалық әлеуетті нығайту үшін жаңа перспективалар ашады. Полигон фермерлер үшін тәжірибелік алаңға айналып, олар жиналған көміртегіні сертификаттау және көміртегі квоталау жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл Қазақстанның көміртегі квоталары нарығына ресми түрде шығуына және экологиялық нәтижелерді нақты экономикалық табысқа айналдыруға жол ашады.

Күтілетін нәтиже – Полигон Қазақстанда көміртегі бірліктерін сертификаттау және квоталау жүйесін дамытудағы негізгі орталыққа айналып, көміртегі нарығын қалыптастыру және халықаралық климаттық жобаларды бірлесіп іске асыру бағытында практикалық ынтымақтастық алаңы болмақ.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1097333?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар