Әлемдегі ғылым

Депрессияны үш минут ішінде анықтайтын құрылғы жасалды

31.10.2025

9

Бразилиядағы Сан-Паулу университетінің ғалымдары бірнеше минут ішінде депрессия, шизофрения және биполярлық бұзылыс сияқты психикалық аурулармен байланысты BDNF ақуызының деңгейін анықтай алатын портативті биосенсор әзірледі. Зерттеу нәтижелері ACS Polymers Au журналында жарияланды.

Құрылғы электродтары бар икемді жолақ түрінде жасалған. Ол портативті талдағышпен өзара әрекеттескен кезде аз мөлшердегі сілекейдің құрамын талдайды. Үш минуттан аз уақыт ішінде биосенсор нейрондардың өсуі мен сақталуына, сондай-ақ жад пен оқудың қалыпты жұмыс істеуіне қажетті нейротрофтық фактор — BDNF концентрациясын анықтайды.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл құрылғы өте төмен ақуыз концентрациясын — миллилитріне 1,0 × 10⁻²⁰ грамға дейін дәл өлшей алады. Сенсордың өзіндік құны — шамамен 2,19 АҚШ доллары. Ғалымдар құрылғының тағы бір артықшылығы ретінде оның ұзақ сақтау мерзімін атап өтті. Жақын уақытта әзірлеушілер патентке өтінім беруді жоспарлап отыр.

«Біздің датчик жоғары дәлдік пен өлшеудің кең ауқымын көрсетеді, бұл клиникалық диагностика үшін өте маңызды. BDNF деңгейінің төмен болуы психикалық бұзылыстардың бар екенін көрсетуі мүмкін, ал оның концентрациясының артуы емнің барысын бақылауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Сан-Карлос физика институтының өкілі Пауло Аугусто Раймундо Перейра.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, бүкіл әлемде бір миллиардтан астам адам психикалық бұзылыстардан зардап шегеді, олардың ең кең тараған түрлері үрей мен депрессия. Ғалымдардың пікірінше, жаңа биосенсор — емді жеке науқасқа бейімдеуге және оны қарапайым экспресс-тесттер арқылы бақылауға мүмкіндік беретін жеке медицинаға (персоналдандырылған медицинаға) қарай жасалған маңызды қадам.

Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2025/10/30/27066014.shtml
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар