У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары Қазақстан тарихында алғаш рет гидрогеологиялық карталардың атласын – еліміздің жер асты сулары туралы негізгі деректерді біріктіретін цифрлық геоақпараттық жүйені жасап шығарды. Бұл цифрлық платформа су ресурстарын тиімді басқаруға, әсіресе, құрғақшылық жағдайында тұщы судың тапшылығын шешу жөнінде тиісті шешімдер қабылдауға көмектеседі.
Қазақстанның көптеген аймақтарын тұрақты түрде ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қазір өте өзекті болып отыр: өзендер мен көлдерден тұщы су алу мүмкіндігі шектеулі. Ал жаңа Атлас жер асты су қорларын, оның ішінде геотермальды және минералды суларды дәлірек бағалап, пайдалануға мүмкіндік береді. Жүйені сондай-ақ экологиялық мониторинг құралы ретінде де қолдануға болады – цифрлық карталар жер асты суларының сапасын нақты уақыт режимінде бақылап, геологиялық ортаның ластануының алдын алуға септігін тигізеді. Бұл судың тапшылығына байланысты дамуы тұралап қалған аймақтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Зерттеу жұмыстарын У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары академик, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Малис Абсаметовтың басшылығымен жүргізді.
Жиналған деректер су саясатын әзірлеудің, ғылыми зерттеулер мен мамандар даярлау ісінің негізі болмақ. Климаттың өзгеруі жағдайында бұл жүйе су тапшылығын алдын ала болжауға, сөйтіп тұрғындарға да, экономикаға оның кері әсерін азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар Атлас су ресурстарын аймақтар арасында әділ түрде бөлуге объективті база бола отырып, су жағдайы туралы дәл мәліметтерді қажет ететін ірі инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды жүзеге асыру үшін аса пайдалы болады.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1031398?lang=kk
Фото: Istock.com