Колумбия университетінің инженерия мектебінің ғалымдары бактериялар мен вирустарды біріктіріп, қатерлі ісікпен күресудің жаңа әдісін жасады. Nature Biomedical Engineering журналында жарияланған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Синтетикалық биологиялық жүйелер зертханасының мамандары вирусты табиғи түрде ісіктерді іздеп таба алатын бактерияның ішіне жасыру тәсілін таныстырды. Бұл әдіс вирусқа ағзаның иммундық қорғанысының шабуылынан жасырынуға және рак ошағына жеткен кезде ғана белсенуге мүмкіндік береді.
Жүйе әр микроорганизмнің күшті жақтарын пайдаланады: бактериялардың ісікті анықтап, оған ену қабілетін және вирустардың рак жасушаларын зақымдап, жою қабілетін.
Зерттеуді биомедициналық инженерия кафедрасының доценті Тал Данино басқарды. Нәтижесінде ғалымдар CAPPSID деп аталатын платформаны (ағылш. Coordinated Activity of Prokaryote and Picornavirus for Safe Intracellular Delivery — «Прокариот пен пиковирустың қауіпсіз жасушаішілік жеткізілімін үйлестірілген белсенділік арқылы іске асыру») жасады. Жобаға Рокфеллер университетінің вирусология саласының маманы Чарльз М. Райс те қатысқан.
Бұл әдіс бактериялардың ісікті дәл нысанаға алу қабілетін вирустың рак жасушаларын жұқтырып, жоюдағы жоғары дәлдігімен біріктіреді. «Бактериялық инженерия мен синтетикалық вирологияны біріктіру арқылы біз бір ғана микроорганизмнің қолынан келмейтін нәтижелерге жетуге мүмкіндік беретін көпорганизмді терапияларға жол ашуды көздейміз», — дейді зерттеудің тең жетекшісі, Тал Данино зертханасының бұрынғы постдокторанты Закари С. Сингер.
Бұл жарияланым бактерия мен вирусты біріктіретін мұндай жүйені болашақта клиникада қолдануда маңызды қадам болып саналады. Қазіргі уақытта осы технологияны зертханадан медицина саласына көшіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: https://scitechdaily.com/new-cancer-therapy-smuggles-viruses-past-immune-defenses/
Фото: Scitechdaily.com