Әлемдегі ғылым

Ғалымдар ультракүлгін сәуленің көмегімен аллергендердің зиянын азайта алды

26.09.2025

8

Жуырда америкалық ғалымдар ауадағы аллергия тудыратын бөлшектермен күресудің жаңа әдісін тапты – ол ерекше ультракүлгін сәуленің көмегімен жүзеге асады. Ғалымдар зертханада ауаны аллергия шақыратын бөлшектермен: мысықтың қайызғағымен, шаң кенелерімен, зең саңырауқұлақтарымен және тозаңмен толтырып, кейін оларды 222 нанометрлік жарықпен сәулелендірді.

Бір қызығы, мұндай ультракүлгін сәуле бөлшектердің өзін жоймайды, тек аллерген ақуыздарының құрылымын өзгертіп, оларды иммундық жүйеге байқалмайтындай етеді. Бар болғаны 30–40 минут ішінде камерадағы аллергендердің мөлшері түріне байланысты 20–60 пайызға азайған. Мысалы, мысық аллергенінің Fel d 1 ақуызы жартысынан да көп қысқарған.

Бұл әдістің басты артықшылығы – адам үшін қауіпсіз болуы: ол тері мен көзге терең енбейді, бірақ сонымен қатар вирустарды да, аллергендерді де зиянсыздандыра алады. Қазіргі таңда аллергиясы бар адамдар ұзақ тазалық жұмыстары, кір жуу, фильтрлерді пайдалану сияқты істерде біршама қиындыққа тап келеді. Ал жаңа әдіс бұл жұмыстарды айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін.

Болашақта мұндай ультракүлгін шамдарды үйлерде, мектептерде, ауруханаларда және тіпті аллерген бөлшектері қауіп төндіретін өндіріс орындарында да қолдануға болады. Ғалымдар бұл технология демікпе мен аллергиядан зардап шегетін миллиондаған адамның өмірін жеңілдетеді деп үміттеніп отыр. 

Дереккөз: https://www.ixbt.com/live/science/uchenye-smogli-otklyuchit-allergicheskie-receptory-s-pomoschyu-ultrafioleta.html
Фото: Ixbt.com

«« | »»
Соңғы жаңалықтар