Қазақстан ғылымы

Түркістан облысында вилт ауруына төзімді мақта сұрпы шығарылды

11.07.2025

7

«Мақта және бақша дақылдары ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС ғалымдары вилт ауруына төзімді жаңа мақта сұрпы – «Мақтаарал-5030»-ды жасап шығарды.  Қазір сынақтардың соңғы кезеңі аяқталып жатыр, осы маусымда оған патент алу жоспарланып отыр. Сынақ нәтижелері бұл сұрыптың жоғары агрономиялық әлеуеті бар екенін көрсетті. Ал 2024 жылдан бастап «Мақтаарал-5030» сорты Қазақстанда аудандастыруға рұқсат етілген сорттар тізіміне енгізілді.

«Мақтаарал-5030»-дың вегетациялық кезеңі — 110–115 күн. Шикі мақтаның өнімділігі — гектарына 43,5 центнер, бір қауашақтағы мақта массасы — шамамен 6,1–6,2 грамм. Талшық шығымы — 39,7%, ұзындығы — 33,5 мм, микронейр — 4,5, бұл тоқыма өнеркәсібіне қажетті сапа талаптарына толық сәйкес келеді. Талшықтың сызықтық тығыздығы — 5300 мтекс, үзілу жүктемесі — 4,9 г/с.

Мамандардың ерекше назарын аудартқаны — сұрыптың вилт ауруына жоғары төзімділігі: жұқтыру жағдайында зақымдану деңгейі небәрі 0,1% болды, бұл «Береке-07» стандартты сұрпымен салыстырғанда (онда бұл көрсеткіш 0,4%-дан жоғары) әлдеқайда төмен. Морфологиялық белгілері бойынша «Мақтаарал-5030» — бұталары жайыла өсетін, биіктігі 120 см-ге дейін жететін өсімдік. Симподиальды бұтақтар 4-5-ші буында қалыптасады. Өсімдіктің жапырақтары — ірі, жасыл түсті. Қауашақтары 4-5 қалақшалы, дөңгелек пішінді, пісіп-жетілгенде жақсы ашылады. Талшығы — ақ әрі таза. 1000 тұқымның салмағы — шамамен 125 грамм.

Сұрып агротехникалық жағдайларға, әсіресе, ерте себу мерзімдерінде жақсы бейімделеді. Ұсынылатын егіс схемасы — 90×1×10. Машинамен жинауға жақсы бейімделген. Орташа тұзданған және құнарсыз топырақтарда өсімдіктердің жиілігін гектарына 130-135 мың данаға дейін жеткізу ұсынылады. Ең жоғары нәтиже өнім қалыптасуының белсенді кезеңінде уақытылы суару жүргізілген жағдайда байқалады. 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1031636
Фото: Kazgazeta.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар