Қазақстан ғылымы

Жасанды интеллектке негізделген бес жаңа жоба таныстырылды

18.07.2025

40

Назарбаев университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтында (ISSAI) қазақстандық мамандар жасаған бес жаңа жасанды интеллект жобасы таныстырылды. 

Oylan 2.5 — ISSAI әзірлеген қуатты жасанды интеллект көмекшісі, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін біледі. Сондай-ақ бұл технология қазақ тілінде тек кириллицамен емес, латын әліпбиімен де еркін жұмыс істейді. Oylan 2.5 көмегімен пайдаланушылар мәтін түрінде немесе дауыс арқылы сұрақтар қойып, толық әрі мазмұнды жауаптар ала алады, кескіндерді (үй тапсырмасы, сызбалар және т.б.) жүктеп, талдау нәтижесін көре алады, интернеттен немесе құжаттардан шынайы және сенімді ақпарат іздей алады, математикалық формулалар мен бағдарламалау кодын дұрыс форматта көре алады. 

MangiSoz 2.0 — сөйлеуді тану, дыбыстау және аудару жүйесі. Бұл жүйе қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде жоғары дәлдікпен сөйлеуді тану және дыбыстау мүмкіндігін, мәтінді дауысқа және сөйлеуді мәтінге табиғи, адамға ұқсас дауыс арқылы түрлендіру, бес тілдің барлығында ер және әйел даусын таңдау мүмкіндігін ұсынады. 

TilSync – нақты уақытта субтитр жасау және аударма құралы. Бұл технология қазақ, орыс және ағылшын тілдері арасында нақты уақытта аударма жасай алады.

Beynele — қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде мәтіндік сұраныстар арқылы мәдени ерекшеліктерді ескеріп, визуалды контент жасай алатын генеративті жасанды интеллект моделі. Ол қазақтың ұлттық нақыштарын, ұлттық киімдерді, символдар мен табиғи көріністерді қолданып сурет генерациялай алады. 

Mangitas 02 —модельдердің қауіпсіз жергілікті инференсі үшін әзірленген арнайы жасанды интеллект жабдығы. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін мектептерде, жергілікті деректер орталықтарында және мемлекеттік мекемелерде толыққанды пайдалануға мүмкіндік береді, негізгі ЖИ жүйелерінің тек ұлттық инфрақұрылым шеңберінде жұмыс істеуін, деректердің толық қауіпсіздігін, ұлттық стандарттарға сәйкестігін және сыртқы онлайн платформалардан толық тәуелсіз жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Дереккөз: https://issai.nu.edu.kz/kk/2025/07/17/issai
Фото: Depositphotos.com

«« | »»
Соңғы жаңалықтар