Nazarbayev University зерттеушілер тобы жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалауды жаңа деңгейге шығаратын бірегей зерттеу жүргізді.
Әлемде алғаш рет ғалымдар жүрек жұмысының жаңа биомаркері — гемодинамикалық күштерді — екі визцализациялау әдісімен: ультрадыбыстық эхокардиография және магниттік-резонанстық томография (МРТ) арқылы бір уақытта салыстырды.
Зерттеу нәтижелері Nature: Scientific Reports журналында жарияланып, АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында өткен American Heart Association 2025 конференциясында таныстырылды. Зерттеуге бір ғана топтан құралған дені сау еріктілер қатысты, бұл екі әдістің көрсеткіштерін дәл салыстыруға мүмкіндік берді. Ғалымдар ультрадыбыстық зерттеу МРТ-мен салыстырғанда жүйелі түрде төмен көрсеткіш беретінін анықтады. Бұл екі әдістің мәліметтерін бір-бірін алмастыратын көрсеткіш ретінде қолдануға болмайтынын көрсетеді — клиникалық интерпретацияда бұл айырмашылықтар міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Гемодинамикалық күштер жүрек қызметінің бастапқы бұзылыстарын анықтауда маңызды көрсеткіш болуы мүмкін, себебі олар симптомдар пайда болмай тұрып-ақ, ақауды анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстандық зерттеушілердің арқасында алғаш рет дені сау адамдарға арналған осы көрсеткіштердің эталондық мәндері анықталды — енді бұл көрсеткіштерді әлем мамандары қолдана алады.
Бұл жұмыс жүрек-қан тамырлары жүйесін визуализациялау саласындағы болашақ зерттеулер үшін жаңа бағыт қалыптастырады. Мұндай зерттеу әлемде алғаш рет жүргізіліп отыр және Қазақстанда әлемдік ғылыми стандарттарға сай зерттеулер жасалып жатқанын дәлелдейді.
«Америкалық жүрек ассоциациясының мойындауы Nazarbayev University-де жүрек-қан тамырлары медицинасында дамып келе жатқан зерттеулердің жоғары деңгейін және біздің әлемдік ғылымға қосқан үлесімізді көрсетеді», — дейді NU Медицина мектебінің зерттеушісі Айжан Жанқоразова.
Ғалымдар үздік ғылыми аннотация авторларына берілетін Paul Dudley White International Scholar Award сыйлығын алды.
Дереккөз: https://nu.edu.kz/news/qazaqstandyq-galymdar-zhurek-zhumysyn-zertteude-gylymi-serpilis-zhasady
Фото: Istock