Қазақстан ғылымы

Тарихта тұңғыш рет қазақстандық телескоп Чилиде орнатылды

09.07.2025

10

Қазақстан ғылымы тарихында тұңғыш рет отандық телескоп Чилидегі Атакама шөлінде орналасқан Obstech халықаралық астрономиялық обсерваториясына орнатылды. Бұл жер – Оңтүстік жартышардағы әлемдік астрофизика орталығы саналады. Мұнда дүниежүзінің ірі ғылыми ұйымдарының обсерваториялары шоғырланған.

2018 жылы қолға алынған жоба Фесенков атындағы Қазақ астрофизика институты мен Сантьяго университетінің ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асты. Қазір қазақстандық астрофизиктер Оңтүстік жартышардың аспанын зерттеп жатыр. Маусым айының соңында Атакама шөліндегі Obstech обсерваториясына орнатылған жоғары дәлдіктегі телескоп-робот Қазақстанға алғашқы ғылыми мәліметтерді жібере бастады. 

Телескоптың Атакама шөліне орнатылуы бекер емес. Мұнда шаң, булану жоқ. Жұлдыздарды, ғарыш нысандарын бақылауға кедергі аз. Атакамада әлемдегі ең танымал обсерваториялар орналасқан. Мысалы, Параналь тауының басында салынған Еуропалық Оңтүстік обсерваториясы – әлемдегі ең ірі телескоптардың бірі VLT-мен жабдықталған. Чилиде соңғы жылдары астрономия мен астрофизика саласында ең маңызды жаңалықтар ашылды. 

«Біздің обсерваторияда шамамен 140 телескоп бар. Басым бөлігі АҚШ-тан, олар шамамен 60%-ті құрайды. Сіздердің жаңа телескоптарыңыз — мұндағы ең үлкені. Оның айнасының диаметрі – 1 метр. Бұл – ғылыми зерттеулер үшін өте қуатты құрал. Ең бастысы, қазақстандық мамандар енді Оңтүстік аспанның шоқжұлдыздары мен әртүрлі нысандарын бақылай алады. Қазақстанда олар үнемі көкжиектің астында орналасқандықтан, көрінбейді. Сонымен қатар бұл телескопты студенттер де тәжірибелік сабақтар үшін пайдалана алады», - дейді Obstech обсерваториясының техникалық қызмет көрсету маманы Эван Оссандон. 

Қазақстандық телескоп орнатылған обсерватория толықтай автоматтандырылған. Нысанның жұмысын техникалық мамандар қамтамасыз етеді. Барлық ақпарат кең жолақты интернет арқылы еліміздің ғылыми орталықтарына жіберіледі. Телескоп қашықтан басқару режимінде жұмыс істейді. 

Ең бастысы – Чилидегі телескоп Қазақстандағы құралдармен бір ақпараттық ортада жұмыс істей алады. Бұл, әсіресе, уақыт жағынан қысқа астрономиялық құбылыстарды, мысалы, аса жаңа жұлдыздардың жарылыстарын немесе гамма-жарқылдарын бақылау кезінде өте маңызды. 

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bilim-zh-ne-ylym/719042-cilide-kazakstandyk-teleskop-ornatyldy
Фото: 24.kz
«« | »»
Соңғы жаңалықтар